9.02.2022, 9:40
Оқылды: 51

16 жасар миллионер

Әділет Темірболатов - 16 жасар жас миллионер. Қазіргі таңда Орал қаласындағы №1 мектептің10-сыныбында оқиды. Кәсіпкерлерге таргет жасау (белгілі аудитория ішінде жарнаманы ілгерілету) әрі шәкірттеріне үйрету арқылы айына тұрақты түрде 1 000  000 теңге табады. 

Сонымен қатар жақында ол шағын кәсіп ашқан.

IMG-20220209-WA0005

– Маркетинг саласына қызығып жүрдім. 2021 жылы қаңтар айында «Шонбай» онлайн интернет-маркетолог курсында үш ай оқыдым. Сол кезде небары 15 жасымда алғаш рет табыс таба бастадым. Үш ай курстың барысында 600 мың теңге тауып, диплом алдым. Кәсіпкерлердің тауарларына жарнама  жасап, олардың әлеуметтік желілердегі парақшаларын жүргізіп, тапқан табыстарынан пайызымды  алып отырдым. Ең алғаш маркетингке келген кезде, өздерінің білім-білігін дамытып,  өрге ұмтылған адамдарға қызыға қарайтынмын. Үйге келген соң, айнаның алдында тұрып, өзімді  маркетингтегі жұлдызды адамдай сезінуші едім. Кейде қасымдағы достарым «Әділ мырза» деп қалжыңдайтын. Сол кездегі армандарым енді орындала бастады. Алғашқы кездері түні бойы ұйықтамай, 5000 теңгеге сайт жасайтын едім. Түн баласы кірпік ілмей жасаған туындыларым   клиентке ұнамайтын кездер де болушы еді. Ол кезде білімім де, тәжірибем де жеткіліксіз-тұғын. Клиент таңдамай, келісіп жасай беретінмін. Өйткені бар ойым – табысымды арттыру болды.

–  Әділет, 15 жастан кәсіпке етене араласуыңызға не себеп болды? 

– Иә, маған ақша таппай, басқа балалар сияқты ойнап жүре беруге болатын еді. Бірақ мен маркетингтің не екенін ерте түсініп алдым. Мүмкіндікті жіберіп алғым келмеді. Сондықтан дамығым келді, өзімді-өзім жетілдіргім келді.

– Маркетинг саласына келгеннен кейін не өзгерді? 

– Осы маркетинг саласына келгеннен кейін  білім алуыма 1 200 000 мың теңге шамасында инвестиция жұмсадым. Кәсіпкерлермен, Мейірбек Бердібайұлымен жұмыс жасап, компанияға 2 миллион теңге кіріс жасадым. Бақытбай Сабырбековпен жұмыс жасап, күніне 21 миллион теңге табыс әкелдім. Қазіргі таңда шәкірттерім 150 000 теңге шамасында табыс тауып жүр. 15 жобаның төртеуінің  кірісін 3 миллионнан астам теңгеге жеткіздім. Өз ақшама сапалы жұмыс үшін қажетті IPhone-ның  өнімдерін алдым. Анама қалаған нәрсемді алып бере алатын жағдайға жеттім.  Араласатын ортам – дамушы адамдар, нарықта таргетолог Адик болып қалыптастым.

– Әділет, сен қазір 16 жастасың. Сонда кәсіпкерлікке деген қызығушылық кішкентай кезіңнен басталды ма? Ата-анаң, бауырларың жайлы айтсаңыз. 

– Иә, қаршадай бала кезімнен кәсіпке қызығатынмын. Өскенде атақты бизнесмен болсам деуші едім. Ата-анам – қарапайым адамдар, өзім  – үйдің кенжесімін. Екі әпкем бар. Олар менің әр бастамамды қолдап отырады.

– Сабақты кәсібіңізбен қалай қатар алып жүрсіз? Қателеспесем, былтыр сабақ уақытында Алматыға барып оқып, жұмыс істеп келдіңіз? Бөтен қалаға жалғыз баруға жүрексінбедіңіз бе? 

– Бәріне үлгеремін. Иә, ұстаздарыма жағдайды түсіндіріп айттым. Олар маған түсіністікпен қарады. Алматыға баруға қорыққан жоқпын.

IMG-20220209-WA0004

– Қазіргі таңда 10-сыныпта оқисыз, кәсібіңіз бар, 9-сыныпты бітіріп, мектептен кету ойда болмады ма? 

– Әрине, оны да ойлағанмын. Алайда ата-анам 11-сыныпты бітіріп, жоғары оқу орнында оқығанымды қалады.

– Мына бір постыңызды көзім шалып қалды. «Бұйырса, Қазақстандағы ең жас миллионер атанбайынша, бұл постты кетірмеймін. Неге басқа елдің жастары миллионер? Неге біз мектеп кезімізден миллион таппаймыз? Осы шекараны бұзып, қазақ жастарының білімге,  дамуға құлшыныстарын ашамын бұйырса». Ең жас миллионер атану үшін қазір қандай қам-қарекет  жасаудасыз?

– Мен өзімнің алдыма 2021 жылға қойған барлық мақсатыма жеттім. 2022 жылға да одан да күшті жоспарлар құрғанмын. Соған сәйкес жұмыс жасаймын. Қазіргі таңда PlayStation клубын аштым.

Ең жас миллионер атану үшін  өзімнің кәсібімді әрі қарай дамыту, өз онлайн  бизнес мектебімді ашу, одан да басқа жоспарларым бар. Өзімнің үлкен жоспар-құпияларым бар. Қазіргі таңда  Қуаныш Шонбайдың тікелей психологінен менторлық (тәлімгерлік) алдым. Енді табысым, кәсібім одан әрі дамитынына сенімдімін.

– Әділет, бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Әрине, білімімді жетілдірумен. Өз салам бойынша кітаптар оқимын,  курстарға қатысамын, әрдайым  өзімді тұлғалық жағынан дамытуға ұмтыламын.

– Кәсібін бастағысы келетіндерге не айтар едіңіз?

– Кәсіп бастауға қаражат керек болады. Тек үрейді жеңу керек. Ойлау жүйемізді дұрыстап жетілдіріп, заманауи мамандықтардың қыр-сырын үйрену керек. Жастар дамуды ерте жастан қолға алса деймін. Күніне бір кітапты толық  оқымаса да, сол  оқыған жерін жазып, іс жүзінде қолданса жөн болады. Шүкіршілігін, мақсаттарын күнделікті жазып отыру керек.  Ең бастысы  – тәуекел ету. Біз кез келген беймәлім нәрседен қорқамыз. Бірақ жетістікке жетудің басты құралы осы –  тәуекел. Адам өмір бойы үрей мен қорқынышқа бой алдырып, жүре бермеуі керек. Жетістікке жеткен жандар – кезінде тәуекел еткен жандар дер едім.

– Рақмет, өрлей беріңіз!

Сұхбаттасқан Ақжібек Сағынбай,

Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы,

Орал қаласы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале