9.02.2022, 15:00
Оқылды: 37

Төлеген Төреғалиев: «Жерге бір тиын бермей, тек өнім ала берем деуге болмайды»

Сырым ауданында ауылдық округ әкімдерінің халықпен есептік кездесулері жалғасуда. Кеше Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиевамен және бірқатар бөлім басшыларымен бірге Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Әділхан Мұхитовтың есеп беру жиналысына қатысты.

IMG_4835

1043 тұрғын мекендейтін Аралтөбе – төртінші деңгейлі бюджетке көшудің игілігін көрген округтің бірі.
- Жаңа деңгейдегі бюджетке көшудің арқасында бірқатар салықтық түсімдерді ауылдың қадесіне жарату мүмкіндігіне ие болдық. 2020 жылы 3 млн 265 804 теңге, ал 2021 жылы 1 млн 258 435 теңге салық түсті. Жергілікті қоғамдық жиынында қаржыны тиімді жұмсау мәселесін талқылап, ортақ келісіммен ауылға ойын алаңын, хоккей қорабын салып, көше шамдарын жарық диодты электр үнемдегіш шамдарға ауыстырдық. – деді Әділхан Мұхитов өз баяндамасында.
Әкімнің айтуынша, былтыр есептік кездесуде көтерілген аса өзекті 4 мәселенің 2-еуі орындалмаған. Әзірге Қызылағаш ауылының 9 шақырымдық жолын биіктету, қатты жабын төсеу мүмкін болмай тұр. Аралтөбе - Қызылағаш арасындағы электр желілерін жаңарту ісі де бір ілгерілемей қойды. Ал Аралтөбе мектебінің ауласына өрнектас төсеу және Қызылағашқа ауыз су тарту үшін жобалық сметалық құжаттар жасау жұмысы оңынан аяқталды. Жаңалық сол, осыған дейін ауыз су мәселесі мазалаған Қызылағаштан 10 шақырым жерден таза су кені табылды. Жоба жүзеге асса, халыққа тіршілік нәрі жететін күн алыс емес.

IMG_4826
Ауыл болғасын маусым сайын жолығатын, тіпті күнделікті кездесетін мәселелер болады. Аралтөбелік шаруалар әкімнің есептік жиынында негізінен ауылшаруашылық мақсатында берілетін жерлерді алу, субсидиялау, тері қабылдайтын жердің жоқтығы, өндірілген еттің арзандығы сияқты мәселелерді көтерді. Араларында «Бос жерлер туралы конкурстар неге дер кезінде хабарланбайды? Аудан әкімі бұл сұраққа бір ғана сөзбен «Газет оқу керек!» - деп жауап берді. Расымен де, аудандық жер қатынастары бөлімі бос жерлерді аукционға шығарғаны туралы хабарламаларды, жерлердің тізімін ұдайы басылым бетіне жариялап тұрады.
- Жер бәрімізге жетеді. Тек баптап, күту керек. Көктемде тырмалап қойсаң, жазда қалың шөп аласың! Орақты сүйретіп ана жерге, мына белге шаба беруге болмайды. Еңбек ету керек, жігіттер! – деген Қалихан Кереевтің сөзіне аудан басшысы да қосылды.
- Қалекең дұрыс айтады. Жерді өңдеу керек. Күтіп, бапталған жер түлейді. Жерге бір тиын салмай, тек өнім ала беруім керек дегенді қою керек, – деді Төлеген Төреғалиев.
Биыл халық жиі айтатын, әсіресе аралтөбеліктерді ығыр қылған электр желілерін жөндеу мәселесі орнынан сәл қозғалуы мүмкін. Аудан әкімінің айтуынша, ауданда 10 шақырымдық әуе желісі жөнделмек. Нақты Аралтөбе бойынша қандай көлемде іс тындырылары белгісіз. Бәрі ақаудың күрделілігіне байланысты.
Айтпақшы, ауыл газ слесаріне мұқтаж.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале