Кеше қаламыздағы №4 орта мектебінде жалпы білім беретін пәндерден 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың екінші - қалалық кезеңі басталды. 14 пән бойынша өтетін олимпиада жаңа форматта - "1 оқушы-1 компьютер-1 камера" қағидасымен өткізілуде.
Оқушылар тапсырмаларды www.okulyk.kz платформасында орындайды.
Олимпиаданы өткізудің ашықтығы мен академиялық адалдығын бақылау үшін жергілікті «Дарын» өңірлік орталығының өкіліне, мүдделі емес «үшінші тұлғаға» «Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің қызметкері, ата-аналар комитетінің өкілдері, журналистер, ғалымдар немесе ЖОО оқытушылары) қатысуға құқық берілді.
Сонымен қатар олимпиаданы онлайн режимінде қарау үшін бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілді. Олимпиаданың өту барысын ата-аналар қалалық білім беру бөлімінің youtube каналынан тікелей эфирде бақылай алады.
Айта кетейік, республикалық олимпиаданың қалалық кезеңіне мектепішілік іріктеуден өткен 1300-дей оқушы қатысуға өтінім білдірді.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz