18.02.2022, 13:00
Оқылды: 54

Әуе компаниялары болашақта ұшақта тәртіп бұзғандарға қайтып қызмет көрсетпеуі мүмкін

 ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің төрағалығымен азаматтық авиацияны дамыту мәселелері бойынша салалық кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

image_l

Іс-шараға Азаматтық авиация комитетінің, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, авиация кәсіпорындарының, «Атамекен» ҰКП, шағын авиация қауымдастығының өкілдері мен ардагерлер қатысты. Өткен жылдың қорытындысы мен 2022 жылға арналған жоспарлар талқыланған кеңес барысында ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті ұшу қауіпсіздігі деңгейін, ішкі және халықаралық әуе қатынасын арттыру, әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Комитет төрағасы Талғат Ластаев келтірген деректер бойынша, ИКАО-ның Үйлестірілген валидациялық миссиясы шеңберінде халықаралық аудиторлардың тәуелсіз тексеруі қорытындысында Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84%-ға дейін көтерді. Бұл - орташа әлемдік көрсеткіштен 15% жоғары. Заңнамалық жұмыстар шеңберінде ұшқышсыз ұшатын аппараттарды пайдалануды реттеу нормасын, атап айтқанда сертификаттау рәсімін енгізу, қашықтан сәйкестендіруге қойылатын талаптарды белгілеу және оларды пайдаланатын аймақтарды айқындау қарастырылуда.

Сондай-ақ, әуе компанияларына ұшуға шектеу қойылатын адамдардың жеке тізімін жасауға мүмкіндік беретін норма енгізілмек. Оған ұшақта тәртіп бұзған және онысы заңмен дәлелденген адамдар ғана енуі тиіс. Елімізде әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту аясында қазір 6 нысанда жұмыстар жүріп жатыр. Олар - Шымкент әуежайының жаңа терминалының құрылысын, Орал әуежайының терминалын, Қостанай әуежайының аэровокзал кешенін, Өскемен әуежайының ұшу-қону жолағын, Үржар және Үшарал әуежайларын жаңғырту жобалары.

Кеңесте саланы әуе отынымен қамтамасыз ету, тарифтік саясат және мамандарға қатысты мәселелер талқыланды. Жыл сайын мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстарына байланысты авиаотын тапшылығы туындайды. Қазір жағдайы біршама тұрақтанды, алайда мәселені жүйелі шешу үшін ҚР ИИДМ қысқа және ұзақ мерзімді перспективаға ұсыныстар дайындап, олар ҚР Энергетика министрлігімен бірге пысықталуда. Алдағы екі жылда ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейін 90%-дан асырып, ИКАО аудитінен сәтті өту негізгі міндет болып отыр. АҚШ-қа тікелей рейстер ашу шеңберінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен АҚШ-тың көлік қауіпсіздігі әкімшілігі арасындағы ынтымақтастық жалғасады.

«Сондай-ақ, «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына және инфрақұрылымдық объектілердің жаңғыртылуына қарай пандемияға дейінгі деңгейдегі халықаралық қатынасты қалпына келтіру жұмыстары жалғасады»,-делінген хабарламада.

Суреттің дереккөзі: massaget.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале