18.02.2022, 15:00
Оқылды: 48

Айлық 60 мың теңгеге өсті 

Кеше облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қатысуымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үш жақты комиссия отырысында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы жайында кеңес өтті. 

bb57de03-5818-43f7-be8e-3f8504fa157c

Кеңесте Ақсай қаласындағы КПО кәсіпорнының жұмысы, бір жылдық жоспары және соңғы 10 жылдықта Ақсай қаласының дамуына қосқан үлесі туралы егжей-тегжейлі айтылды. Жиынға қатысушылар кәсіпорын жайлы ақпараттармен слайд арқылы танысты.

КПО б.в. компаниясының бас директоры Джанкарло Руюдің хабарлауынша, осы жылдан бастап кәсіпорындағы еңбекақысы төмен саналатын 9 мыңға жуық жұмысшының айлығы салықты есепке қоспағанда 60 мың теңгеге өскен.

IMG-20220217-WA0032

– Қаңтар айында өткізілген үш жақты комиссия отырысы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Айлықты көтеру, мекемедегі жұмыс жағдайын жақсарту ретімен шешімін тауып келеді. Қызметкерлердің сұранысын қанағаттандыруға барынша тырысудамыз. Келеңсіз жағдайларды болдырмау – басты мақсат. Қызметкерлердің қажырлы еңбек етуі үшін қолайлы жағдай жасалғаны жөн, – деді Батыс Қазақстан облысының еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысы Асылұлан Досжанов.

IMG-20220217-WA0035

Өз кезегінде Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Бауыржан Айнабеков те кәсіпорын жұмысының ілгерілеуіне септігін тигізетін шешімдер мен өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында КПО кәсіпорнының атқаратын рөлі жайлы сөз қозғады.

IMG-20220217-WA0023

– Халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру – бәрімізге ортақ міндет. «Бөрлі ауданының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді даму жоспары» әзірленді. Жоспарға сәйкес, алдағы 5 жыл ішінде бірқатар жобаны іске асырып, жүйелі, нәтижелі жұмыс жүргізуіміз керек. Ақсай қаласының 10 және 13 шағын аудандарына, Бөрлі, Пугачево елді мекендеріне 4 мектеп, Кеңтүбек, Жарсуат ауылдық округтері мен Ақсай қаласының Қызылтал ықшамауданына 3 спорт кешені мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы және басқа да нысандардың құрылысын бастау жоспарлануда. Осы бағытта жергілікті атқарушы құрылым мен КПО кәсіпорны жұмыла жұмыс жасауы керек, – дей келе Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов КПО-ның бас компанияларына білімді, спортты және денсаулық сақтауды дамытуға бағытталған халықты әлеуметтік қолдау бағдарламаларын дайындауды ұсынды.

IMG-20220217-WA0022

– Біз қиындықтардың бәрін халқымыздың сабырлылығының, мәдениеттілігінің арқасында жеңіп жүрміз. Сондықтан да кез-келген шешім халықтың қолдауымен қабылдануы керек. Мойнымызға жүктелген міндет көп. Жұмыла жұмыс жасасақ, көп ұзамай нақты нәтижеге қол жеткіземіз. Ел үшін бірге қызмет етейік! Облыстық үш жақты комиссия отырысында берілген хаттамалық тапсырмаларды асқан ыждағаттылықпен орындауды тапсырамын. Атқарылған жұмыстар 2 апта сайын тексерілетін болады, – деп Ғали Нәжімеденұлы жиынды қорытындылады.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале