BTS Education ҚР Сауда және интеграция министрлігінің және Mastercard төлем жүйесінің қолдауымен шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған Электронды коммерция мектебін іске қоспақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгінде әр кәсіпкердің бизнесі цифрлық технологияларды оның қаншалықты тиімді әрі сауатты қолданатынына байланысты. Қазақстан кәсіпкерлеріне электронды коммерция көмегімен өз бизнесін онлайн кеңейту үшін оқудан өту ұсынылады. Қатысушылар ісін цифрлық кеңістікте жолға қоя отырып табыс табуды үйренеді, өзекті digital трендтер жайында ақпарат алады.
ҚР СИМ вице-министрі Әсел Жанасованың айтуынша, заманауи кәсіпкерлік экожүйені құру үшін шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау және ынталандыру шаралары қажет. Пандемияның негізгі экономикалық соққысы кәсіпкерлердің дәл осы санатына тигендігін ескерсек, олардың дамуына, білімдерін, дағдылары мен біліктіліктерін сапалы түрде жақсартуға бағытталған шараларды қолға алу маңызды. Әлбетте, осының бәрі олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасайтыны және нәтижесі ретінде еліміздің әлеуметтік экономикалық деңгейіне оң ықпал етері сөзсіз.
Рафал Трэпка, Mastercard-тың Орталық Азиядағы бас директоры, «Бүгінде цифрлық экономика – заман тынысы іспетті: картамен, смартфонмен төлеу, қашықтан онлайн сауда жасау, үйге жеткізу қызметтері кейінгі уақытта өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналды. Соңғы жыл ішінде Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлем мен электронды коммерцияның теңдессіз өсуі орын алғанымен, кәсіпкерлер e-commerce ұсынатын мүмкіндіктер мен артықшылықтарды ел аумағында да, одан тысқары жерде де өзіне пайдалы, клиенттерге ыңғайлы түрде пайдалана алатын экономика тармақтары әлі де аз емес. Бұл жоба компаниялардың алынған білім мен дағдыны пайдалана отырып, бизнестерін сәтті дамытуына көмектеседі деген үміттеміз», деп атап өтті өз сөзінде.
Аталған міндетті жүзеге асыру үшін, BTS Education компаниясы ашық қолжетімділікпен https://bit.ly/3Iak3Wz LMS-платформасына орналастырылған электронды коммерцияның онлайн мектебін құрды.
Кәсіпкерлер мен ШОБ өкілдері қайталау мүмкіндігімен өздеріне ыңғайлы уақытта онлайн-форматта оқи алады.
Е-commerce мектебі таргеттелген жарнаманы әзірлеу, әлеуметтік желілерде парақша жүргізу, онлайн-дүкен ашу, халықаралық онлайн-алаңдарда тауар сату, онлайн-төлемдер қосу және киберқауіпсіздік секілді жаңа дағдыларды игеру мүмкіндігін ұсынады.
Сонымен қатар, платформада ай сайын онлайн-бизнесте табысқа жеткен түрлі кәсіпкерлермен сұхбаттар, отандық бизнесмендердің табыс тарихы жарияланып отырады.
Оқу курсының соңында үздік тыңдаушылар үшін акселерациялық бағдарлама және қарқынды оқу бағдарламасы қарастырылған. Электронды коммерция индустриясындағы серіктес-тәлімгерлер онлайн-бизнеске көшудің стратегиялық жоспары бойынша таңдалған топтармен тікелей жұмыс істейді.
Курстан өтетін барлық ШОБ өкілдері бизнесті онлайн алаңда өрістетуге 1,000,000 теңгелік грант тағайындалатын ішкі конкурсқа қатысатын болады.