23.02.2022, 11:50
Оқылды: 183

Еңбек адамы – ел мақтанышы

Ауыл келбеті тек сәнді үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Ауыл ажары оның тазалығына да байланысты. Ауылымыздың таза, әдемі жасыл желекке оранып тұруы әрбір адамның күтімін, жанашырлығын қажет етеді. 

«Тазалық табалдырықтан басталады» дегендей әр адам ауласын ретке келтіріп, көше бойындағы тазалыққа ұқыпты қарау мәдениеттілік белгісі. Осы тазалыққа күн сайын қолына сыпыртқы алып, күрек ұстайтын тазалық жанашырларының еңбегі ерен. Жұмысшылардың шақырайған күннің, шытымыр аяздың, жауған жауын астында да жұмыстары тоқтаған емес.

IMG-20220223-WA0025

Ұқыптылық пен тазалық тек мекеме жұмысшыларына керек пе? Ауыл көшелерінің тазалығына, сәнденуіне өз үлесін қосып жүрген қызметшілердің еңбегі қоғамда қаншалықты бағаланады? Қара жұмыстан қашпайтын, нағыз еңбектің дәмін татып жүрген Мұхтар ағамызбен әңгімелескен болатынбыз. Соны қалың оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Арманым мұғалім болу еді...

- 1963 жылы 2 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Мәстексай ауылында қарапайым көпбалалы отбасында дүние есігін аштым. Әкем тракторшы, анам  қарапайым жұмысшы болды. Отбасында 8 бала тәлім-тәрбие алдық. Әкем өмірден ерте 1973 жылы дүниеден өтті.

Орал қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы №11 дарынды балаларға арналған мектепті жақсы бағаға, №8 кәсәптік-техникалық училещесінде тракторшы мамандығын, «Дасафф» көлік жүргізіші даярлайтын мектепте көлік жүргізуші мамандығын, Жаңақала колледжінде электр-дәнекерлеуші және Орал ауылшаруашылық техникумында зоотехник мамандықтарын алдым. Содан кейін отбасын құрып, ауылдың төңірегінде жұмыс жасадым. Қиын заман уақытын басымыздан өткердік.

1990-2001 жылдар аралығында аудандық тұтынушы одағында және нан зауытында көлік айдадым.  2001 жылы жеке кәсіпкер Т.Байкеновте 5 жыл , 2006 жылы жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, ауылдық округте жұмыс жасадым. 2014 жылдан бері Жаңақала ауылдық округі аппаратының бағбаны болып қызметке орналасып, жұмыс жасап келемін.

Мектепте жақсы оқыдым және білім қуатындай күш-жігерім де, білімім де жеткілікті еді. Орал қаласындағы пединститутқа түскім келген. Арманым бала тәрбиелеп, ұстаз болу еді. Бірақ, көп балалы отбасынан шыққаннан кейін, әкем өмірден ерте кеткен соң, қаражаттың да еш реті келіспеді, - деді М.Арупов.

Қайсар мінезді болып өстім

- Әкеден ерте қалғасын болар бірқалыпты қайтпас, қайсар мінезді болып өстім. Жұмыстан қажыдым, шаршадым деп айта алмаймын. Берілген 8 сағат  жұмысымды адал, жауапкершілікпен атқарамын. Жұмыс болған соң, берілген талаптарға жеңіл қарамау керек. Жасаған еңбегіме налып немесе санасып жасаған күндерім болған емес. Жұмыстың аты жұмыс, кей уақыттарда сенбі, жексенбі күндері де жұмысқа шығамыз. Қыстың ызғарлы суығында, жаздың аптап ыстығында да жұмысты уақытылы орындау міндетіміз. Көшеде көліктерінің терезесінен талай адам  қоқыстарын кез келген жерге лақтырып кетіп бара жатады немесе тұрғындар қалдық заттарын үлкен қоқыс жәшіктерінің жанына шашып, лақтырып кетіп жатады. Көзбен көріп отырып, халыққа ашуланып, балағат сөздер айтпаймын, тек ескертемін. Ешнәрсе деместен шашылған жерді жинай саламын, - дейді Мұхтар ағамыз жылы жымиып.

Жаңақала ауылдық округінің әкімі Ақан Қапановтан қызметкері туралы пікірін білдік.

- Мұхтар Талапқалиұлы көп уақыттан бері осы мекемеде жұмыс атқарып келеді. Жұмысына өте жауапты, елгезек, берілген тапсырманы уақытында орындайды, бір сөзбен айтқанда қарапайым еңбек адамы. Негізгі қызметі саябақтарды күтіп, баптаушы. Жалпы саябақтардың күтіміне, тазалығына жауапты 3 жұмыскеріміз бар. Мұхтар Арупов жүктелген «Тәуелсіздік» саябағына өте жауапкершілікпен қарайды. Бірде-бір жұмыстан сұранып көрмеді, жұмысқа уақытында кешікпей келеді, себепсіз қалған күндері болған емес. Ауыл тұрғындарынан да арыз-шағымдар түскен жоқ. Міндетін толықтай уақытылы атқарады. Бірнеше жылдан бірге жұмыс жасап келе жатқан әріптестері сыйлайды, құрметтейді. Құрметке лайық азамат – дейді А.Болатұлы.

Еңбек ескерусіз қалмайды

- Менің ойымша, еңбек адамы – ең алдымен таза жұмыс істейтін, өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып істейтін адам. Еңбегім бағаланып жатыр.

2014 жылы «Еңбек күні» мерекесіне орай Жаңақала  ауылдық округінің әкімі болған Е.Танзиевтің және 2021 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, жүктелген қызметті абыроймен атқарғаны үшін деген мазмұнда аудан әкімі Д.Закариннің алғыс хатымен марапатталдым.  Осы марапатқа лайық санап, еңбегімді бағалап ұсынған А.Болатұлына және О.Тимурұлына алғысым шексіз. Сыйақыдан да құр қалмадым. Барлығынан артықпын деп айта алмаймын, бірдеймін.

Жалақым өзіме, шәй-суыма жетеді және қорамда малым бар. Жұмысыма да шаруашылығыма да үлгеріп, еңбек етіп келемін.

Жастарды еңбекқор деп айта алмаймын

«Жасыл ел» бағдарламасымен жастар жұмыс жасаған кезінде жөн сілтеп, басы-қасында жүргеніме де 5 жыл болды. Әр түрлі жастармен жұмыс жасадым. Әрбір үйдің бір-бір еркесі, олармен де тіл табысуға тура келеді. Кей уақыттарда жұмыс уақытын дұрыс пайдаланбай тыңдамай жатады. Жастарды еңбекқор деп айта алмаймын. Бірен-сарандары бар, әрине қара жұмысқа төселген. Қазіргі жастардың басым көпшілігі креслода отырып, ақша тапқысы келеді. 30-40 баланың ішінде 5-6 бала жұмысқа белсене араласады. Осындай еңбекке араласып, жақсы тәрбие көрсететін балалар бар. Барлығында бөліп жармаймын, өзімнің балаларым сияқты білгенімді айтып, барынша ақыл-кеңес беремін.

«Еңбек қылмай тапқан мал -  дәулет болмас...»

Менің өмірлік ұстанымым оқы, үйрен, көзің жұмылғанша еңбек ет!

Жастарға айтарым күш-қайратың бар кезде, аяқ-қолың , он екі мүшең сау кезде аянбай еңбек ет дер едім. Қазір қаншама адам бар аяқ-қолынан айырылған, күрек ұстауды армандайтын. Барға шүкіршілік,  жоққа қанағат ете білу керек. Балаларыма да осындай тәрбие бердім. Балаларым 30 дан асып кетті, есейді. Адам үшін ең алтын қазына – еңбек ете білу керек.

Еңбек қылмай тапқан мал, дәулет болмас,

Қардың суы секілді тез суалар, - деп Абай атамыз айтқандай жастарға еңбек ете білу, еңбекпен табылған нан тәтті, сіңімді, берекелі болады деп айтар едім.

Тазалық -  табалдырықтан

Әр адам өзінің ауласынан шыққан қоқысқа, қалдықтарға жауапты болу керек деп ойлаймын. Ауласынан шыққан терек қиындылары, малдың тезектері басқа да қоқыстарын әр жерге шашпай, арнайы қоқыс жәшіктеріне салса деймін. Егер көшелер, саябақтарды уақытылы тазаламасақ, серуендер жеріміз күл-қоқыс астында қалар еді. Тазалық жеке бастан бастау алу керек деген ойдамын. Көктем шыға сенбілік басталады. Сенбілікке шыққандар фотосессия алаңына айналдырмай, бір мезгіл тазалыққа қол ұштарын тигізгені абзал. Әрине барлық адам деуге келмес, сенбілікке белсене атсалысатын жастарымыз да үлкендеріміз де бар.  Алдағы уақытта әр адам ауыл тазалығына белсене араласса деген тілегім бар!

Зейнеткерлікке осы жерден шықсам

Еліме пайдам тиіп, ауыл тазалығына үлесімді қосып жүргенімнің өзі мен үшін – үлкен бақыт. Жұмысым өзіме ұнайды, сол себепті осы жерден зейнет жасыма жетіп, зейнеткерлікке шықсам деймін. Ерте тұрып барар жұмысым, ақысына жеген тәтті асым барына шүкіршілік етемін. Адамға берілген мүмкіншілікті қалт жібермей, еңбек ете беремін. Жастарға айтарым: «Халқыңа пайда тиер еңбек қыл» дегім келеді, - дейді Мұхтар Талапқалиұлы өз жұмысы туралы.

Түйін:

Табиғатымыздың тазалығына мән беріп, ластануына жол бермей, қоқыс қалдықтарын арнайы қоқыс жәшіктеріне салу әрқайсымыздың міндетіміз болуы керек. Туған топырағымызды таза ұстап, абаттандырып, жасыл желекке малындырып отыру – тек көше тазалықшыларының ғана емес, баршамыздың басты міндетіміз. Тазалық – біздің денсаулығымыз бен өміріміздің кепілі. Олай болса, айлық ақысы шәй-суынан артылмайтын қарапайым жандардың еңбегін бағалап, қоршаған ортаны ластамайық! Әр мамандықтың өз қызығы мен шыжығы бар. Осындай еңбек иелерінің жұмысына құрметпен қарап, лайықты бағалай білейік!

Арайлым Мәлікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале