Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық кітапханасы ауыл мектебінің жас мамандарымен бірлесіп, "Жүрегінің түбіне терең бойла" атты Абай ойларына, Абай әлеміне, Абай қара сөздеріне арналған саяхат-тағылымды шарасын ұйымдастырды.
Адамзат ірі тұлғасы саналатын Абай тағылымы - білімнің де, тәрбиенің де қайнар бұлағы. Ұлы дананың қай шығармасын алмайық, оның алтын қазығы – Адам. Ол нағыз Адам, Толық Адам қандай болу керек деген сұраққа жауап іздеді. Дара тұлғаның даналығын жас ұрпақ бойына сіңіру - алдынғы буынның басты міндеті. Сол себепті ауыл мектебінің директоры Алмагул Алғалиқызы бастап, жас мамандар қостап, рухани қазына ордасында бас қосып, ұлағаты мол Хакім Абайдың қара сөздеріне саяхат жасалған шараға жиналды.
Әдеби кеш басында Абай мұрасының - адамды адам етіп тәрбиелеуде, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыруда таусылмас қайнар көз екендігін айтқан мектеп басшысы Алмагүл Кенжебаева Абайдың бірінші қара сөзіне тоқталып, оның мән-мағынасын толық түсіндіріп өтті. Кейін сөз алған жас ұстаздар Абай үлгісінде ұрпақ тәрбиелеу - ізгілікке, имандылыққа, адамдыққа, биік адамгершіліке бастайтын жол екенін түсіндіріп, бас ақынның қара сөздеріндегі әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған ойлары жайында сөз қозғады.
Уақыт озған сайын өсіп, өркендеп отыратын Абайдың асыл мұрасын ұрпақтар санасына жеткізіп, Отанын, ұлтын сүйетін, туған жерін құрметтейтін тұлғалар қалыптастырудағы ұстаз бен кітапхана жұмысы еш уақытта өз өзектілігін жоймайды. Жас ұрпақтың санасына сәуле түсіретін, жүректерін жібітетін рухани құралымыз кітапты насихаттаудағы бірлескен жұмыс әлі де жалғасын табады.
Шара соңында Мичурин ауылдық кітапханасының меңгерушісі Нурсулу Батырқызы мектеп ұжымына ризашылығын білдіріп, бірлесе жұмыстануға шақырды.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz