Жаңақала ауданы әкімі Дархан Закарин Алғыс айту күніне орай ардагерлердің үйлеріне барып, арнайы құттықтап, сыйлық табыстады. Құрмет Қамиұлы, Жетпіс Оңғарұлы, Кеңес Молдашұлы, Фазылғали Сатқалиұлы, Өмірзақ Тұрақбайұлы есімді ардагерлерге аудан жұртшылығының атынан және өз атынан ризашылығын білдірді.
- Аудан дамуында сіздердің, сіздермен замандас аға-апаларымыздың еңбегі орасан зор. Жастық жалындарыңыз бен жігерлеріңізді туған өлкеміздің өркендеуі жолына жұмсадыңыздар. Өскелең ұрпақ сіздерге қарап бой түзеп, сіздерден үлгі-өнеге алады. Алланың берген ғұмырын жасап, елдің алғысына бөленіп, ұрпақ қызығына кенеле беріңіздер, - деді аудан басшысы Д.Әмірханұлы.
- Еткен еңбегімізді, жасаған қызметімізді міндетсімейміз. Ел үшін еңбек ету – әр адамның парызы. Материалдық көмекке емес, рухани көңілге зәруміз. Елеп-ескеріп, арнайылап құттықтап келгеніңізге өзімнің және отбасымның атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Жауапты қызметіңізге жетістік, әр ісіңізге береке тілеймін. Бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деді журналистика саласының ардагері Ө.Ақбасов.
Жанайдар Блатбекұлы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz