Бөрлі ауданы жастарының әр жетістігін назардан тыс қалдырмайтын аудан басшылығы бұл жолы шаңғышы спортшыларды жеке қабылдады. Нақтырақ айтсақ аудан әкімі Миржан Сатқанов Ақтөбе қаласында өткен шаңғы спорты бойынша ел чемпионатының жеңімпазы Мадина Жақсылықова мен үздік нәтиже көрсеткен Жанерке Тудахунованы және жаттықтырушысы Ислам Сағынәлиевпен жүздесті.
Спортшыларды және жаттықтырушысын жарқын жеңістерімен құттықтаған аудан басшысы алғысхат табыс етіп, алдағы додаларда сәттілік тіледі. Сонымен қатар қабылдауға аудандық шаңғы жарысы федерациясының президенті Әлібек Сәрсембаев та өз кезегінде спортшыларды құттықтап, федерация атынан 100 000, 150 000 теңгелік сертификаттар табыс етті.
- Шаңғы спорты ауданымызда енді ғана дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Алайда, жаттықтырушылар мен спортшыларымыздың еңбектерінің нәтижесінде аталған спорт түрі аудан, облыс көлемінде кеңінен дамиды деп сенеміз. Шаңғы спортының дамуына үлесін қосып отырған Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы, Батыс Қазақстан облысының шаңғы жарысы федерациясына және Бөрлі ауданының шаңғы жарысы федерациясына алғысымыз шексіз»,- дейді спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов.
Шаңғы спортының аға жаттықтырушысы Ислам Сағынәлиев те өз сөзінде үш жылдан бері осы спорт түрімен жұмыстанып жатқанын, аталған спорт бағытында әзірге 15 тәрбиеленушісі барын, сондай-ақ, ШҚО, Ридер қаласындағы мамандандырылған спорт мектебінде болашақ 2 спортшы білім алып жатқандығын айтып өтті.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz