Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 9 538 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың өңірдегі тілшісі.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде ақпан айында 2 412 науқас тіркелді, бұл қаңтардағыдан 2,9 есеге кем.
Оның айтуынша, соңғы аптада (25 ақпан – 3 наурыз) алдыңғымен салыстырғанда, індет жұқтыру көрсеткіші 43,7 пайызға (112-ден 63-ке) төмендеді. «Облыс бойынша 414 390 адам егілуі тиіс болса, күні бүгін соның 272 194-і немесе 66 пайызы бірінші, 259 931-і (63 пайызы) екінші компонентті салдырды. Сондай-ақ 167 520 адам ревакцинациядан өтуі керек болса, соның 64 488-і (38 пайызы) екпе алды.
Сонымен қатар жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді Pfizer вакцинасымен егу жалғасуда. Мұнымен 63 765 адам егілуі тиіс болса, соның 10 689-ы (16,5 пайызы) бірінші, 8 590-ы (13,1 пайызы) екінші компонентті қабылдады», деді М.Арыспаев.