ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызмет саласына қатысты сын-ескертпелерді жиі айтатыны белгілі. Биылғы 11 қаңтарда өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында ол мемлекеттік басқару жүйесін меритократия, әділеттілік және ашықтық қағидаларының негізінде қайта құруды тапсырды. Соған орай аталмыш саланың ардагері, яғни ғұмырының 33 жылын осы құрылымға арнаған, соның ішінде 20 жылдай ҚР Мемлекеттік қызмет істері бойынша агенттігінің БҚО департаментінде басшылық қызметте болған әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісінің иегері Мирболат Нұртазинмен сұхбаттасқан едік.
– Мирболат Сүйеуұлы, ҚР Президенті шенеуніктердің азаматтармен арадағы байланысы төмен деңгейде екенін, мемқұрылым басшылары халықпен сөйлесуді білмейтінін, тіпті қорқатынын айтты. Сіз біраз жылдан бері мемқызметшілерге ҚР Мемлекеттік басқару академиясының БҚО филиалында дәріс оқып келесіз. Сіздің алдыңызға келген шенеуніктердің ішінде ондайлар бар ма?
– Қазір мемқызметшіге қойылатын талап та, шектеу де көп. Бүгінгі таңда көптеген ақпарат бұқараға қолжетімді. Халық көп нәрсені біледі. Сол себепті мемқызмеші өзін-өзі дамытумен айналысып, білімін ұштамаса, халықтың алдына шығып, кәсіби біліктілігі жоғары маман екенін көрсету қиынға соғады. Тіпті күлкіге қалуы мүмкін. Қазіргі мемқызметшілер мен осыдан 15-20 жыл бұрынғылар арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Бұрынғы мемқызметшілер адаммен сөйлесу бағытын, кіммен қалай жұмыс істеу керектігін білетін. Ал оқу орындарындағы сабақ балдық жүйеге, тестке ауысқалы бері жас ұрпақтың адаммен қарым-қатынасы нашарлап, сөйлеу қабілеті төмендеп кетті. Сондай тәлім алғандар бүгінде мемқызметте жүр. Яғни елдің алдына шығып, екі сөздің басын құрай алмайтын мемқызметшілер санының көбеюіне аталмыш жүйенің де әсері тигені анық. Тіпті ант қабылдағанда оның мәтінін дұрыс оқи алмайтын депутаттар мен мемқызметшілерді көпшілік көрді. Енді ондайлардан не сұрайсың?! Жалпы алғанда тіл байлығы, дүниетанымы, қызмет атқаратын саладағы білім-білігі төмен мемқызметші, шенеуніктер барлық өңірде, орталық деңгейдегі билікте де баршылық. Тұрғындар алдындағы есеп, жиналыс не басқа да бір шараларда шенеуніктердің экспромтты түрде мінберге шығып, тиісті жайттарға байланысты түсініктеме беруі, не бір нәрсені баяндап өтуі көп кездеспейтіні сондықтан. Қалыптасқан бір шиеленісті жағдайды жете түсінбеген халық тарапынан мұндайда билікке наразылық туындайтыны аян. Жалпы кез келген мемқызметші, шенеунік бұқарамен жұмыс істей білуі керек. Мемлекет басшысы осындай жағдайды айтып отыр. Оқу орнында мемқызметшілермен сабақ барысында теориялық және практикалық тұрғыдан да осындай жағдайлар кеңінен сөз болады. Өзімнің тәжірибеммен де бөлісемін. «Мемлекеттік қызметшілердің бірыңғай құзыреттер шеңбері» пәнінде осыған қатысты көптеген мәселе қамтылады. Өмірде орын алатын түрлі жағдайларды да талдаймыз.
Мемқызметшілердің бәрі бірдей нашар, деңгейі төмен деуге болмайды. Ілгерілетуге лайық өзін дамытумен, жетілдірумен айналысып жүргендер көп. Бірақ оларға басшылардың көзі түсе бермейді. Оларды көтеруге келгенде немқұрайлық танытады. Негізі осындай білімді де білікті, тәжірибелі жандарды қолдау керек. Өзін дамытумен айналысып жүрген, әдептілігімен көзге түскен мемқызметшілерді үлгі етіп, БАҚ-та, әлеужеліде насихаттаған дұрыс. Аратұра көше бойында орналасқан банерлерге де ілген артық емес.
– Мемлекеттік қызмет саласында да көптеген реформа жүргізілді. Неге солар жемісін бермей жатыр?
– Реформаның бәрі бірдей тиісті деңгейде нәтиже бере алмайтынын тәжірибе көрсетіп отыр. Бұл тек бізде емес, өзге де елдерде солай. Оған объективті және субъективті факторлар әсер етеді. Объективтісі қаржы мен материалдық ресурстарға байланысты. Субъективтісі – адами ресурсты дұрыс басқара алмауда. Маман-кадрларға жөнді іріктеу жүргізілмейді. Көптеген талантты жастар бар, оларды ілгерілету, яғни лауазымдарын өсіруге келгенде кібіртіктеп қалатынымыз жасырын емес. Есесіне, өзге біреулер тамыр-таныстықпен, көкесінің қолдауымен, командалық әдіспен тағайындалып кетіп жатады. Осылайша тағайындалғандар жұмыс бабында тиісті нәтиже бере алмайды. Мұндай жандар алаңдап, басшысының қабағына қарағыштайтыны анық. Оларда елге болсын, қоғам дамысын деген ой бірінші кезекте тұрмайды. Өзін тағайындаған адамның көңілінен шығуды басты меже етіп қояды. Сол себепті кадрларды іріктеу жайы - біздегі өзекті мәселенің бірі. Оны ҚР Президенті де жиі айтып жүр. Көкелерінің қолдауымен тағайындалған кадрларда жауапкершілік төмен болады. Яғни жоғары лауазымды қызмет атқаратын осындай жандар тиісті нәтижеге қолжеткізе алмайды. Біраз уақыт жұмыс істеген соң басқа мекемеге ауысып кетеді, сөйтіп бастаған ісі, қолға алған жобасы аяқсыз қалады. Жұмсалған бюджет қаржысы желге ұшады. Мұның бәрі кадрлық саясатқа нақты көңіл бөлмей, қалдық принципті қолданудың кесірі. 2016 жылы Мемлекеттік қызметтің қағидасы енгізілді. Онда меритократия принциптері бойынша әрбір мемқызметші атқарған қызметіне, жеткен жетістіктеріне байланысты қызметте ілгерілетілуі тиіс екендігі жазылған. Қарапайым тілмен айтқанда, жұмысты жақсы атқарып, белгілі бір нәтижеге жеткендердің мансабы өсуі керек. Бас маман болып жүріп, айтарлықтай көрсеткіштерге жеткен адам бөлім, артынанбасқарма басшысы болуы тиіс. Одан әрі әкім орынбасары, әкім болып кете береді. Ал бізде бұл жүйе жұмыс істеп жатыр ма? Әрине, жоқ. Біреуді желкесінен сүйреп жүріп басшы жасайды, біраз уақыттан соң оны басқа салаға жібереді. Оның не істеп, не қойғанымен ешкімнің шаруалары жоқ. Негізі мұндай адамдарды жауапкершілікке тартқан жөн деп ойлаймын. Мәселен, үш жыл басшылық қызметте отырып, ештеңе жасамаса, өзі бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі болып, нәтиже көрсетпесе, көпшілік сенімін ақтамаса, бюджет қаражатын желге ұшырса, одан неге есеп алмасқа? Мұндай жайттар реформалардың сәтсіз аяқталуына септігін тигізіп жатыр.
– Кадрларды іріктеу өзекті мәселе екенін айттыңыз. Осыған кеңірек тоқталып кетсеңіз...
– Бізде мемқызметке талантты жастарды іріктеу ісі әлі де дұрыс жолға қойылмай отыр. Бұл турасында агенттіктің өзі де мәлімдеме жасады. Конкурстық іріктеу кезінде әңгімелесу сатысында адами фактор басымдыққа ие. Нақтылап айтқанда, тәуелкел бар. Қабілетті адам өте ме, әлде біреудің қолдаған адамы өте ме? Мұндай тәуекелді жою керек, тиісті механизмдер жасау қажет. Мысалы айтайық, әңгімелесуге 10 адам келсе, оның 1-2-уі өтетіні алдын ала белгілі болады. Себебі басшы «бәленшиевке көз саларсыңдар» деп айтып қояды. Сөйтіп, талантты жандар өте алмай қалады. Осы жерде бір мысал айта кетейін. Үндістандағы бір компанияға жалындап тұрған жас жігіт жұмысқа кіреді. Жыл өткен сайын компанияның жұмысы ақсай бастайды. Жаңағы жігіт қызметте өсіп, біраз жылдан соң компания басшысы болады. Басшылыққа келген бойда ол не себепті компанияның құрдымға кетіп бара жатқанына талдау жасай бастады. Сонда адами қарым-қатынастың, сыйластықтың төмендегенін байқайды. Яғни қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына жете мән берілмегені белгілі болады. Қарапайым қызметкер болып жүрген кезде оны өзі де байқап жүретін. Сондай олқылықтарды жоюға күш салады. Тіпті қызметкерлерінің өздерінің ғана емес, олардың балаларының да туған күндерін компанияда атап өтуді дәстүрге енгізеді. Бір қызметкердің отбасында қиындық болса, жүйелі түрдематериалдық тұрғыдан қолдау шаралары алынады. Көліктен қиналғанға қызметтік көлікті пайдалануға береді. Жаңағы жігіт басшымын деп өзін өзгелерден жоғары қоймайды, өзіне артықшылық жасамайды. Яғни өзгелермен бірге асханаға барып тамақ ішеді т.б. Соның нәтижесінде 1,5-2 жылдың ішінде компанияның құлдырауы тоқтап, ісі алға баса бастаған. Нәтижесінде бұрынғы қарқынына қайта жеткен. Міне, қызметкерлерді іріктей білудің нәтижесі осындай болады.
– Қоғамның мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– ҚР Президенті былтыр өз жарлығымен мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті. Мұндай стратегиялық құжаттарда бұрын кемшіліктер айтылмайтын еді. Ал бұл жолы мемлекет басшысының саяси жігерінің арқасында көптеген олқылық баяндалды. Яғни онда билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың төмендігі, биліктің бәсекеге қабілетті еместігі, халықпен дұрыс жұмыс жасай алмайтындығы, орта және шағын бизнесті дамытудағы биліктің кедергісі, құқық қорғау саласында сыбайлас жемқорлықтың өршіп тұрғаны, қоғамдық ұйымдар мен жұртшылық өкілдерін шешім шығаруға тарту өте төмен деңгейде екендігі және т.с.с. жайттар кеңінен жазылды. 2030 жылға дейін төменгі, ортаңғы, жоғары билік осындай олқылықтарды жою және алдын алу үшін жұмыстануы туралы тапсырма да көрініс тапқан.
Қазіргі негізгі мақсат - шағын және орта бизнес арқылы экономиканы дамыту, сол арқылы халықтың тұрмысын жақсарту. Ал жұмыссыздық төмендеп, әлеуметтік қолдау шаралары артып жатқаны туралы айтылатын есептер – көрсеткіш қана. Ол нәтиженің емес, тек сан көрсеткіші. Жалпы, статистиканың дұрыс мәлімет бермей отырғандығы, көп цифрдың қолдан жасалатынына байланысты екенін Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі таяуда өткен үкімет отырысында айтты.
Егер билік тарапынан нәтижелі жұмыс жүргізілген болса, Жәнібек, Бөкей ордасына қатынайтын жол мәселесі тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде шешімін табуы керек еді ғой.
– Қазіргі таңда облысымызда жастардың мемқызметке деген қызығушылығы қай деңгейде?
– Жоғары деңгейде деп айта алмаймын. Мемлекеттік қызметте жүргендердердің өздері алға онша талпынбайтын секілді. Оны Мемлекеттік басқару академиясына оқуға баруға, түрлі байқауларға қатысуға, кешегі өткен жастар кадрлық резерві байқауына қатысуға деген талпыныстарының төмендігінен көруге болады. Себебі көпшілігінің ондай байқаулардың әділ өтетініне сенімі аз. Тіпті қызметі министрлікке ауысып, елордаға кеткендердің арасында бір-екі жылдан соң қайтып келетіндер де жоқ емес. Оған себеп: қызметтік пәтер берілмейді, әлеуметтік жағынан қолдау жоқ, жалақы төмен.
Президенттік жастар кадрлық резерві былтыр еліміз бойынша екінші мәрте өткізілді. Ол резерв жоғары, орталық деңгейдегі басшылық, яғни министрлік, комитет басшылары, облыста әкім аппараты, басқарма, департамент басшылары лауазымдарына арналғаны белгілі. Дәл осындай жобаны облыс деңгейінде де жүзеге асыру керек деп ойлаймын. Мәселен, оны облыс әкімінің жастар кадрлық резерві деп атауға болатын сияқты. Дәл республика көлеміндегі секілді етіп облыста неге жүзеге асырмасқа?! Бұл резевке тек талантты жастардың алынуына мән берілсе, нұр үстіне нұр. Комиссия мүшелігіне ешкімге жалтақтамайтын тәуелсіз адамдар тартылса деймін. Сонда мемқызметте талантты жастардың шоғыры қалыптасары сөзсіз. Облыс әкімі де кадр жағынан қиналмас еді. Қазір облысымызда ондай резерв жоқ.
– Мемқызметте жүріп, сіз секілді ғылымға ден қойған жерлестеріміз бар ма қазір?
– Бұл жайында жиі айтып жүрмін, өзімнің тәжірибеммен де бөлісіп келемін, алайда көпшілік мемқызметшінің оған мүмкіндігі жоқ. Ол үшін басшының, отбасының қолдауы керек. Әсіресе, басшылар жете түсінбейді. Оқуларға жібергісі келмейді, жұмыстың көпшілігін білімін шыңдағысы келетін мамандар атқарады. Ал мемлекет тарапынан тиісті жағдай жасалды. Яғни заң бойынша ғылыммен айналысатын кісіге өз есебінен демалыс алып, осы бағыттағы жұмыстарын жүргізуге болады. Қазір қашықтан оқыту шаралары бар. Егер мемлекеттік бағдарлама арқылы оқуға түссе, мұндағы еңбекақысы барған жағында сақталады.
Қазір билікте ғылыми дәрежелері бар лауазымды тұлғалар бар, бірақ олардың жартысынан көбі атақ үшін жүргендер. Олай дейтінім, оларда өздерін дамыту жағы кемдеу. Не ғылыми мақалалар, басқа да еңбек жазбайды, не ғылыми конференцияларға да баяндама дайындамайды, не дәріс оқымайды. Мен жиырма жылдан бері ҚР Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында сабақ беремін. Бұрын жұмыста жүргенімде түс мезгілінде, не жұмыстан тыс кезде дәріс беріп жүрдім, 68 ғылыми еңбегім бар. Егер сабақ бермесең, ғылыми еңбек дайындамасаң, конференцияларда баяндама жасамасаң, адам ғылыми тұрғыдан тоқырауға ұшырайды және ондай құр атақтан не пайда?!
– Бүгінгі таңда мемқызметте ұрпақ сабақтастығы, тәлімгерлік қай деңгейде?
– Мемқызметте, квазимемлекеттік секторда тәжірибелі, мықты мамандар жетерлік. Солардың жанына жастарды топтастыру, жастардың жоғары кәсіби біліктілікті маманнан тәлім алуы, ұрпақ сабақтастығы төмен деңгейде. Өмірлік, еңбек тәжірибесі бар мамандарды зейнетке келген бойда, кейде оған жетпей қысқарту, жұмыстан босата салу үрдісі бар. Жалпы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңда тәлімгерлік қарастырылған. Атап айтқанда, тәлімгер жас қызметшіге таңдаған мамандығын игеруге көмектеседі, оған қызметтік міндеттерді түсіндіріп, оларды сапалы орындаудың әдістері мен тәсілдерін көрсетеді. Қызметшіге жұмысын тиімді жүзеге асыруға, қойылған міндеттерді өздігінен шешуге бағыт-бағдар береді. Сондай-ақ ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысуға, салауатты өмір салтын ұстануға, жалпы мәдени және кәсіби зерденің дамуына көмектеседі.
Тәлімгерлік – маңызды мәселе. Мысалы, біздің тәрбиелеген көптеген шәкірттеріміз мемқызметте жақсы еңбек етуде. Мысалы, Ерлан Идиров облыстық әкімшілік соттың төрағасы, Асұлан Досжанов облыстық еңбек инспекция департаменті басшысы болып, Мақсот Өтешев «Астана мемлекеттік қызмет хабында» қызмет атқарады, Медет Мырзаш Сырым ауданы әкімі аппаратының басшысы, Венера Масимова, Аманқос Жұбаныш БҚО мемлекеттік қызмет департаментінің басшылық қызметінде тиімді жұмыс үлгісін көрсетіп. Жалпы алғанда, орталық билікте, орталық мемлекеттік құрылымдарда үлгілі еңбек етіп жүрген шәкірттеріміз аз емес.
Тағы бір айта кетер жайт, соңғы кезде Әдеп кодексін бұзу жиілеп кетті. Мемлекеттік мекеме басшыларының дөрекі сөйлеп, қиянат жасағаны анықталып жатады. Тек бізде емес, өзге де өңірлерде де көрініс беруде. Көп жайт әлеужеліге жариялануда. Мемқызметшілер басшылар тарапынан қиянат көріп жатады. Мұның бәрі мемқызметке кір келтіреді. Осылардың бәрін ескере жүрген жөн. Алдын алу, болған жайтқа терең талдау жұмыстарын жүргізген абзал. Мемлекет басшысының «Біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны - қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол - халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс» деген сөзін әрдайым есте ұстағанымыз дұрыс.
Сұхбаттасқан, Сәкен Әбілхалықов
zhaikpress.kz