5.03.2022, 14:30
Оқылды: 5

Жаны нәзік жауапты маман

Ғаламшарды ғажайып ғаламатқа толтыратын ғазиз жандар – біздің асыл әжелеріміз, аналарымыз және нәзік жанды аруларымыз. Қоғамның беталысы да әйел затының тәрбиесі мен әдебіне байланысты. Өйткені баланы дүниеге алып келетін, құрсақтан бастап тәрбиені сіңіретін – әйел заты. Бұл жаратылыс – нәзік әрі сұлу, іштей күшті, қылықты, сезімтал, айналасын ақылымен және айласымен гүлдендіріп, болмаса, түнертіп отыратын күшке ие.

013102A5-B0D4-41A2-97AB-1B84C0602F66

Әйел туралы қанша тілге тиек етсең де, ашылмаған сыры мен жұмбағы көп дүниелер ақтарыла береді. Міне, осы сұлу да сымбатты жандардың арасында ер-азаматқа тән ауыр қызмет пен әйелге тән міндетті қатар атқарып жүрген, өмірде жүректері жұмсақ, ал қызметте мінездері қайсар аруларымыз жетерлік. Осы ретте дәл осындай қызметте өзінің күш-жігерін аямай еңбек етіп жүрген әріптесіміз туралы ой өрбітпекпіз.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөліміндегі жалғыз нәзік жанды, азаматтық қорғау подполковнигі Динара Ермағамбетованың қызметін дәл осылай сипаттауға болады. Динара Мақсатқызы Орал қаласында туып-өскен. Еңбек жолын төтенше жағдайларды мемлекеттік бақылау және қадағалау инженері болып бастаған. 2010 жылдың ақпан айынан бастап бүгінге дейін Өрт сөндіру қызметінің авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бас маманы болып  қызмет  атқарады.

– Біздің бөлім тактикалық оқу-жаттығуларды, байқауларды, жарыстарды жоспарлауды және дайындауды қамтамасыз етіп, жалпы горнизондық іс-шараларды ұйымдастырады. Жылыту кезеңінде, шомылу маусымында, өрт қаупі зор кезеңдерде тұрғын үй секторында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Облыстың өрт сөндіру бөлімдерінің барлық материалдық-техникалық базасын есепке алып, мониторингілеу және талдау жұмыстарын жүргіземіз.Біздің бөлім орындалған жұмыстар бойынша барлық құжаттаманы, есептілікті дайындайды, –  деп түсіндірді Динара Ермағамбетова.  

Сонымен қатар Динара да басшылық тарапынан берілген бұйрықтарды тең дәрежеде орындайды. Ол жұмыс уақытынан кейін үйде сүйікті ісімен айналысады, моншақтардан сурет құрайды. Бұл ермек оған рахат сыйлайды және ауыр жұмыс күнінен кейін жанына тыныштық  әкеледі. «Біздің қызметте тәулік бойы кезекшілік атқару немесе аудандарға іссапарға шығу жиі болады. Қызмет бабымен жылдар бойы тәртіпке, жауапкершілікке, жұмыстың ауырлығына үйреніп қалдық. Менің отбасым қызметімнің қауырт екенін түсінеді. Осы қызметте жасап жүрген жылдары ұлым дүниеге келді. Былтыр мектеп ті бітіріп, университетке түсті. Бала күнінде  құтқарушы болғысы келді. Бірақ есейген сайын жоспары өзгеріп, өз мамандығын таңдады, – деді  Динара  Мақсатқызы.

Базарханым Түменова,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале