10.03.2022, 10:30
Оқылды: 83

Ескерткіш дайын. Қаржысы – уайым!  

Биыл даланың даңқты батыры, би, реформатор Сырым Датұлының туғанына – 280 жыл.  Тарихи межені «жылтырақ шарамен» емес, Сырым елінің рухани өмірін өркендететін елеулі істермен өрнектеген ләзім. Соның бірі – Жымпитыға батырдың жаңа ескерткішін қою.

dav

Жымпитыда Сырымның мүсіні жоқ емес, бар. С.Датұлы атындағы мәдени-демалыс саябағының ауласында тұр. Оның ашылуына 2002 жылы сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен бірге бірқатар ұлт зиялары қатысқан. Арасында Әбіш секілді абыздар болған. Мәрмәр тасты сипап тұрып, Қадыр ақын жылап жіберген.

Заман қоғамдық-саяси өмірге жаңа талаптар қойып жатыр. Сырым батыр – елдің бейнесіне, ауданның айшығына, былай айтқанда брендіне айналып келеді. Демек, батырдың ескерткішін жаңартудың уақыты келді. Қоғам, біздің ішкі рух дала арыстанының ажарына қаһары мен даналығы қатар сыйған, алшайтып тұрып ат мінген образын сұрап тұр.

Сырым ауданының әкімдігі батырға жаңа ескерткіш қою мәселесіне пандемияға дейін кіріскен. Жөн-жоба, жазба-сызбаларды даярлап, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне де жолдап көрді.

Міне, кешегі аптада Жымпитыға жерлесіміз, белгілі мүсінші, Еуразия дизайнерлер Одағының мүшесі Амантай Меңдіғалиев келді. Құр қол емес. Сырым батырдың мүсінінің үлгісін ала келген. Мүсінші әуелі Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің қабылдауында болып, туындысын таныстырды. Кейін аудан басшысы әкімдіктің үлкен залында ауданның ақсақалдарын, зиялы қауым өкілдерін жинап, ескерткіштің үлгісін ортаға қойып, шағын шығармашылық кеңес өткізді.

Алдыңғы аяғын ауа асып, көкке қарғыған арғымақ. Үстінде таудай батыр отыр. Семсері белінде. Қос сауырда қалқан мен садақ тұр. Батыр сол қолымен тізгін ұстаған. Оң қолында бүктеген қамшысы бар. Бейнеде батырлық да билік осылай қабысқан. Басында айыр қалпағы оның қарадан шыққан хан, көптен шыққан көсем екенін меңгейді. Тұлпарын ту астында тулатып, азат күнге бет түзеп тұр азамат ер. Ескерткіштің сыйық-сойы осындай шама.

oznor

Мүсінші Амантай Меңдіғалиевтің айтуынша, туындының авторлық құқығы қорғалған. Тұғырдан бөлек есептегенде, кіші архитектуралық форманың биіктігі 4,6 метрді құрайды.

Ақылдастар алқасы ретінде шақырылғандар әуелі мүсіннің ерекше ықыласпен, ізденіспен, бастысы елшіл жүрекпен жасалғанын атап өтті. Сын – ескертпелерін де айтты. Мәселен, батырдың астындағы тұлпары омыраулы, сауырлы болса дегендей. Қолына қамшы ілгені жөн бе әлде найза ұстағаны айбарын аша түсе ме? Ол сұрақ та талқыланды.

-Мүсінді биік тұғырға орнатудың қажеті жоқ секілді. Біріншіден, оның шығыны көп. Екіншіден, ауданда Сырым шыққан төбе секілді тарихи орын бар. Ескерткіш те жасанды төбе, дөңнің үстінде тұрса шынайы көрінер еді, – деген ұсыныс айтты зиялы қауым өкілдері.

Болашақта Жымпитыдағы Самара-Шымкент тас жолының бойындағы, Алашорда мен Сырым Датұлы көшелерінің қиылысындағы үштаған абаттандырылып, көпшілік орынға айналмақ. Ескерткіш те сол жерге орнатылады деген жоспар бар. Әзірге, жоспар ғана...

IMG-20220304-WA0021

Ал енді манағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен не хабар? Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Ерлан Сәрсеновтың айтуынша, 2018 жылы министрлік тарапынан Сырым батырдың ескерткішін орнату үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Жұмысты орындауды мойынына алғандар да бар. Бірақ олар еңбектерін тым қымбатқа бағалап отыр. 147 миллион теңге. Мүсін мен тұғырының құны шамамен осындай. Ал Амантай Меңдіғалиев дәл сол жұмысты 28 миллион теңгеге жасап беруге дайынмын деп отыр. Әрі алаңды абаттандыру, қоршау жұмыстарын да қоса атқармақ.

-Қолымнан келмей не мүмкіндігім жетпей, арзан баға ұсынып отырғаным жоқ. Менің жұмыстарым Қазақстанның бірқатар қалаларында тұр. Өз бағасын білетін мүсіншімін. Ал туған жердің алдында өтелмеген парызым бар. Сондықтан, қолдау болса, батыр бабамның мүсінін орнату ісіне бар көмегімді тигізсем деп едім, – дейді Амантай Қадемұлы.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2018 жылы жариялаған конкурсының хаттамасы күшінде ме? Оны қазіргі уақытта аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімі анықтап жатыр. Министрлік жұмысты таңдаған мердігеріне тапсыра ма әлде жаңа конкурс жариялай ма, ол да жұмбақ.

Амантай ағамыз елдің ісі ғой деп алақанына түкіріп отыр. Ескерткіш дайын, жасаушы да дайын, бірақ қаржысы уайым болып отыр қорыта айтқанда.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале