Жаңақала ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Дархан Закарин 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ардагер аналар мен ауданның дамуына үлестерін қосқан белсенді әйелдер қауымын қабылдап, дастарқан жайып, құрмет көрсетті. Көктемнің шуақты мерекесімен нәзік жандарды құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
- Баршаңызды 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Ана сөзінің орны бөлек. Қандай болмасын көркемдіктің үлгісі бола білген есім. Сондықтан аналарымызды құрметтеу, оларға қошемет көрсету кейінгі ұрпақтың парызы деп есептейміз. Мереке қарсаңында елімізге, осы ұжымда елеулі еңбек еткен ауылымыздың үлгі тұтар үлкендері, қызметтес болған апа-қарындастарымыз бар. Бастарыңызды қосып, құметтеп, құттықтайық деген мақсатта жинап отырмыз. Бәріңіз де қош келдіңіздер. Мерекелеріңіз құтты болсын. Сіздерге, жанұяларыңызға амандық, жақсылық тілейміз. Ұрпақтарыңыздың қызығын көріңіздер. Аман-есен жарқырап, жайнап жүре беріңіздер, - деп аудан әкімі Дархан Әмірханұлы арнайы шақырылған «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері, зейнеткер, көпбалалы аналарға құттықтау хат пен гүл шоқтарын табыс етті.
Атап айтсақ, Н.Тезмағамбетова, Ж.Әубекерова, Г.Жұмагельдина, З.Қажығалиева, Б.Қалиева, А.Марданова, З.Диярова, К.Қадимова, Ұ.Мұхамбетқалиева, С.Мұратова, Э.Сұпалдиярова, Р.Ғазизова, С.Өтегенова, Р.Атауова, Ж.Меңдалиева, Қ.Дүйсекова, Б.Қанатова, Н.Исмурзина, Б.Әліпқызы, С.Исмурзина, Ж.Амирова, Г.Құдайбергенова сынды ардақты нәзік жандар марапат, сый-құрметке ие болды. Өз кезегінде салтанатты шараға қатысқан ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектер өздеріне көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, алғыстары мен аналық ақ тілектерін жеткізіп жатты. Қадірлі қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлаған жиын соңы естелік суретке түсумен аяқталды.
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz