Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Шыны керек, биылғы Жолдауы айрықша болды. Елдің еңсесін көтеріп, Қазақстанның дамуына үлес қосуға деген құлшынысын оятты.
«Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі. Шын мәнінде біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені ең алдымен халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі мемлекетімізді қорғап қалу мен үшін аса маңызды», — деді Мемлекет басшысы.
Осы жолда Президент жауапкершіліктің бәрін мойнына алуға әзір екенін тілге тиек етті. «Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау — мен үшін киелі парыз. Жаңа Қазақстан — жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше «Жаңа Қазақстанды» бірге өркендетейік, ағайын. Қастерлі Отанымыздың тұрығы мығым, абыройы биік бола берсін!», — деді өз сөзінде.
«Жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімінде қалануы керек. Ол еліміздің қадамдап алға жылжып, азаматтарымыздың өмірінің деңгейі артуына мүмкіндік береді», — деген Президент Жаңа Қазақстанды ешкім сырттан келіп құрып бермейтінін қайталап ескертті.
«Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан, баршаңызды Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сондай-ақ, кей облыстарды қайта құру туралы шешіміне жалпақ жұртшылық қуаныштарын білдіруде. Сонымен қатар Ата Заңымыз — Конституцияға да тың өзгеріс енгізілетінін атап өтті. Мен үшін бұл — жағымды жаңалық! Бізге керегі, елдің есендігі, халықтың бүтіндігі, жұртымыздың тыныштығы!
Жасай бер, жаңа Қазақстан!
Таңшолпан Шүкілова,
көпбалалы ана, белсенді жас,
Пойма ауылы,