Гүл – адам баласының көңілін көтеріп, жанын жадырататын сыйлық, әсемдік пен тазалықтың белгісі. Гүл – денсаулыққа да пайдалы.
«Орал өңірі» газеті редакциясының қызметкерлері Наурыз мейрамы қарсаңында бір-біріне гүл сыйлады. Ұжым ішінде 4 жыл қатарынан жалғасқан бұл дәстүр биыл да ерекше өтті. Әр қызметкер өздері баптап өсірген гүлдерін әріптесіне тарту ете отырып, шынайы тілегін білдірді. Бұл үрдіс жұмыс бөлмесін жарқыратып, жан әлеміне жаңа дем береді.
– Гүл сыйлау – қай ұлт, қай халықта да үлкен жақсылықтың, ақ пейілдің, ізгі ниеттің белгісі болып есептеледі. Осы игі бастаманың жалғасуына үлес қосып жатқан әріптестеріме алғысымды айтамын. Және осындай дәстүр халықтық деңгейде жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді газетіміздің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.
Редакция қызметкерлері үшін бұл күннің орны бөлек.
– Жыл басы – Наурыз мерекесіне орай шын ниетпен, ақ тілекпен, көңілге қуаныш сыйлайтын, бөлмеге сән беретін сан алуан гүл! Өсімдіктер де адамның ниет-пиғылын сезеді. Сондықтан бөлме гүлдері тыныштық, үйлесімділік бар жерде жақсы өседі. Жалпы, гүлдерді тек баптап, күтіп қана қоймай, «жасыл» достармен «тілдесіп» отырған ләзім. Сонда олар да сұлуланып, жайқала өседі. Өз басым сауда орындарынан сатып алған гүлдерден гөрі өскінін алып, қолдан өсірген гүлдерді жақсы көремін, – дейді әріптесіміз Гүлбаршын Әжігереева.
Аманжол Исламғали,
zhaikpress.kz