19.03.2022, 12:20
Оқылды: 56

Дәуірдің жарық жұлдызы

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Дәуірдің жарық жұлдызы» деген теңеуді атауға алған әдеби сағат өтті.

2

Ұйымдастырған – қалалық кітапханалар жүйесінің №8 кітапхана филиалының ұжымы. «Алаш» қозғалысының көрнекті өкілінің еңбегі мен өмір жолынан тағылым алуға келген көрермендер қатарында №42 «Ақниет» гимназиясының, Д. Қонаев атындағы №44 және эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназиясының оқушылары мен кітапхана оқырмандары болды. Көркем үнімен іс-шараны жүйелі басқарған жүргізушілердің есімі – Төребек Нығметов және Ақкүміс Саматова. Әдеби жиынның басында Ахмет Байтұрсынұлының «тар жол, тайғақ кешкен» ғұмырбаянына негізделген деректі фильм көрсетілді. Әдеби іс-шара барысында М. Өтемісов атындағы университеттің студенті Бақберген Берікқали ақынның «Жанға көңілім қалып тұр» өлеңін мәнеріне келтіріп оқып, Мадияр Ержанов, Данияр Ержанов есімді егіз жас  домбырашылар   Әбдімомынның күйі «Ерке сылқымды» күмбірлетті.

Қазақ тілі  ғылымының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының әрбір ісін саралап қарап, әліпби мен әліппені алсақ, ұлт жазуының реформаторы, ана тілді айтсақ, қазақ тіл білімінің атасы, әдебиет саласында – асыл сөздің алтын діңгегі, оқу-ағарту ісінде Ахмет – халық ұстазы. Және де аударма, мысал жанрында атқарған еңбегі мол.

Әйгілі «Көгершін мен шымшық», «Қарға мен түлкі» мысалдарын  №42 «Ақниет» гимназиясының 3-сынып оқушылары рөлдерге бөліп сахналап, әдеби сағаттың көркін қыздырды. Эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназиясының оқушысы Айдана Аманғали «Адамдық диқаншысы» деген өлеңін оқыса, Д. Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясының бір топ оқушылары ақынның нақыл сөздерін айтып, мағынасын өздерінше қалай түсінгендері жөнінде айтты. Қадыр орталығының жас қызметкерлері – Ақмоншақ Есетова мен Назерке Махамбетова Ахмет Байтұрсыновқа арналған Қайырбек Шағырдың «Алаштың Ахметі – ғұламасы» өлеңі мен Жамбыл Дүйсенұлының «Қазақтың бақ жұлдызы» атты арнау жырын мәнерлеп оқыды.  Әдеби жиынның соңында  ақын шығармашылығына арналған кітап көрмесіне шолу жасалды.

Биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде, республика бойынша аталып өтілуде. Ақынның еңбектері кітапхана оқырмандары арасында да кеңінен насихатталуда. Осы орайда ұлт ұстазының шығармаларымен жақынырақ танысқыңыз келсе, Қадыр орталығындағы кітапханадан әдебиеттерін алып оқуларыңызға  болады.

Нұртілеу Қадырқұл,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале