Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз халқымыз үшін қайырымдылықтың, татулық пен ынтымақтың мерекесі іспеттес. Наурыз балалар үшін басты мереке. Аудан айнасы "Сырым елі" қоғамдық-саяси газетінің бастамасымен 2017 жылдан бері «Наурыз қоржын» балаларға арналып өткізіліп келеді.
Кеш барысында жылдағы дәстүрге сай «Наурыз қоржыны» таратылды.
Сырым ауданы әкімі атынан орынбасары Асланбек Сарқұлов құттықтау сөз сөйлеп үздіктердің үздігі болып танылған 50 балаға тәттілер салынған 50 қоржын және «нағыз қазақ» саналатын 50 домбыраны табыстады.
- "Білімге жүгінгеннің жүгі жеңіл, дәстүрге жүгінгеннің тұзы жеңіл"- демекші, ауданда білім алып отырған 3014 оқушы арасынан қоғамдық жетістіктерін жыл сайын дәлелдетіп жүрген жалпы білім беретін пәндер олимпиадасы мен ғылыми жобалардың республикалық кезеңінде жүлдегер атанып жүрген білімділер соның айқын дәлелі,-деді Асланбек Ахметоллаұлы.
Наурыз - көктем мерекесі, жыл басы. Ұлыстың ұлы күні-күн мен түн теңеліп, жер көкке жан бітіп, тоң жібитін сәт. Сондықтан, халқымыз ертеден бұл мейрамда «Қыз қуу», «Көкпар», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Арқан тартыс», «Теңге ілу» сынды түрлі ойындар ойнаған.
Аталмыш шарада балалар 5 киіз үйге бөлініп, «Асық ату», «Ләңгі тебу», «Тоғызқұмалақ», «Бес асық», «Бата айту» сайыстарында бақ сынасса, «Ұлттық дефиле» сайысында ұл-қыздар қазақтың өрнектелген әдемі ұлттық киімдерімен сән үлгісін көрсетті.
Әрбір сайысқа өзінің әділдігін ортаға салған қазыларға оңайға соқпады. Балалар сәннен де, ұлттық ойындарда да «сен тұр, мен атайын» болды.
Нәтижесінде, көп ішінен өнерімен ерекше көзге түскен мықтылар топ жарып шығып, жүлдегер атанды. Жүлдегерлер мен қатысушыларға арнайы диплом, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар берілді.
Мерекелік көңіл күйді «Қара жорға» биімен әрлеген балақайлар дән риза көңілде.
Қуаныш сыйлаған кеш кішкентай кеш қонақтарына арналған арнайы қонақасымен қорытындыланды.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz