Жаңақала аудандық орталық кітапханасында ауданның қайта құрылғанына 50 жыл толуына орай мәдениет саласында көп жылдар еңбек еткен Марфуға Қабденқызының 80 жасқа толу мерейтойына арналған «Мерейлі мереке» атты құттықтау сағаты өтті.
Құттықтау шарасының қонағы - көп жылдар мәдениет саласында қажырлы еңбек етіп, осы саладан зейнеткерлікке шыққан ауыл анасы, ардақты әже Марфуға (Жұпар) Қабденқызы Ғабдушева.
Мерекелік шара Талғат Қайырғалиұлының орындауында «Анашым, аман жүрші» әнімен басталды.
Аудан әкімі Дархан Закарин Марфуға Қабденқызын мерейлі жасымен құттықтап, барша келген қонақтарға ақжарма тілегін білдірді.
Әйел – үйдің берекесі, ошақ анасы, ұрпақты әкелуші сонымен бірге қоғамда да алар орны ерекше. Марфуға Қабденқызы 1942 жылы 19 наурызда Жаңақала ауданы, Пятимар ауылында дүниеге келген. 1959-1972 жылдары Фурманов аудандық кітапханасының кітапханашысы, балалар кітапханасының меңгерушісі, Фурманов аудандық мәдениет үйінің директоры, аудандық кітапхананың меңгерушісі, 1972-1976 жылдары Жаңақала аудандық кітапханасының меңгерушісі, 1976-1978 жылдары аудандық тұрмыстық қамту комбинатында қабылдау пунктінің меңгерушісі қызметін атқарған. 1978-1980 жылдары БҚО өлкетану музейі аудандық филиалының меңгерушісі, 1980-1981 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде инспектор, 1981-1997 жылдары аудандық АХАЖ бөлімінің меңгерушісі қызметінен зейнеткерлікке шыққан. Бірнеше рет Фурманов, Жаңақала аудандарында ауылдық кеңестің депутаты болып сайланған. Бірнеше мәрте облыстық дипломдар мен мақтау қағаздарымен марапатталған. Әріптес замандастары құттықтау сөз сөйлеп, қызмет жасаған шақтарын еске алды.
«Арайланған Азаттықтың ақ таңы» әнімен бағдарлама қорытындыланып, көрмені тамашалаумен аяқталды.
Арайлым Айденова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz