Бүгін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюгенің Қазақстанға үш күндік ресми сапары басталды. Оның шеңберінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятпен кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ДДҰ Еуропалық бюросы басшысының сапарының мақсаты ДДҰ Еуропалық бюросы мен Қазақстан ынтымақтастығының қорытындысын шығару, сондай-ақ ДДҰ-ның Қазақстандағы медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі алғашқы демонстрациялық платформасын ашу.
«Бірінші кезекте, Ханс Клюге мырза, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі ретінде сізбен, ДДҰ-ның МСАК жөніндегі кеңсесіндегі біздің әріптестерімізбен жүздескенімізге қуаныштымыз және денсаулық сақтау тарихында алғаш рет ДДҰ-ның МСАК жөніндегі демонстрациялық алаңының ашылуы сияқты маңызды шараға қатысқаныңыз үшін алғыс айтамыз», - деді министр Ажар Ғиният.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Қазақстан медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша екі декларацияның отаны екенін еске салды. 1978 жылы мүше мемлекеттер қабылдаған Алматы декларациясы бүкіл әлемде денсаулық сақтаудың дамуына әсер етті. 2018 жылы МСАК жөніндегі жаһандық конференция алаңында ДДҰ-ға мүше мемлекеттер – МСАК жөніндегі Астана декларациясын қабылдады. Өз кезегінде, ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюге Қазақстан Үкіметі мен ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы арасындағы айрықша ынтымақтастықты атап өтті.
«2016 жылы ДДҰ мен Қазақстан бірлесіп ДДҰ-ның медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі Еуропалық орталығын құрды. Соңғы екі жылда біздің жұмысымыз айтарлықтай жеделдеді. Біздің медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету жөніндегі офисіміз Қазақстанда – медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі екі маңызды жаһандық декларацияның отаны – 1978 жылы Алматы қаласында және 2018 жылы елордада орналасқанына өте қуаныштымын. Қазақстан тұрақты даму саласындағы бірнеше мақсатқа қол жеткізудің іргетасы болып табылатын медициналық-санитарлық алғашқы көмек саласындағы әлемдік және өңірлік көшбасшы болды және болып қала береді», - деді Ханс Клюге.
Ажар Ғиният Денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамту мақсатына қол жеткізуге арналған бірлескен іс-шараларды өткізуге дайындығын растай отырып, Қазақстан алдағы уақытта да МСАК жөніндегі осы екі декларацияны жаһандық деңгейде белсенді түрде ілгерілететінін атап өтті. Өңірлік ДДҰ басшысы Қазақстанның медициналық-санитарлық алғашқы көмекті нығайтудағы тұжырымдамадан іс-қимылға көшу жөніндегі мысалы МСАК ұлттық қызметтерін дамытуда басқа елдерге көмектесуге арналғанын мәлім етті.
«Әр елде осы оқытуды қалыптастыру үшін ертең ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және ДДҰ-ның Есік қаласындағы медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету платформасымен бірлескен жұмысымызды бастауға қуаныштымын. Бұл елдерге негізгі қозғаушы күштерді жақсы түсінуге және МСАК реформаларына кедергілерді анықтауға көмектесу үшін МСАК қайта құруының қазақстандық тәжірибесін көрсетуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті доктор Ханс Клюге.
Айта кетейік, іс-шараға ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі Каролин Кларинваль (Caroline Clarinval), ДДҰ Еуропалық орталығының медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі Кеңсесінің басшысы Мелитта Якаб (Melitta Jakab), Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысты.