30.03.2022, 12:20
Оқылды: 81

Ербол жасаған жиhаздар

Казталов ауданы орталығында үйінің ауласынан шағын цех ашқан шебер жігіт Ербол Аяпов кеңсеге және үйге қажетті жиһаздың түрін жасап береді. Жылдан асқан уақыттан бері жиһаз жасау кәсібін жолға қойған Ерболдың қазіргі күні тасы өрге домалап келеді.

IMG-20220330-WA0039

Кәсібін жиһаз сатудан бастаған іскер жігіттің бос уақыты мүлдем жоқ, себебі тапсырыс көп, уақыт аз. Шебер осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік қызметті тастап, жиһаз сататын дүкен ашты. Осы кезден бастап жиһаз жасаудың қыр-сырын үйренеді. Сөйтіп, үкіметтен несие алып, ауылынан шағын цех ашуды көздейді. Нәтижесінде кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік  туды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттен қайтарымсыз гран ұтып алады. Жиһаз цехының жұмысымен танысудың орайы келіп, шебер жігіттің тыныс тіршілігімен танысып қайттық. Еңбекқор жігітті жұмыс орнынан жолықтырдық. Шебердің аз сөйлеп, көп тыңдайтындығынан байқадық.

IMG-20220330-WA0037

- Өзімнің негізгі мамандығым жол саласына қатысты. Бірақ, бала күнімнен сызу, сурет салуға жақсы болдым. Студен кезімде де іртүрлі сызба жұмыстарына қызығушылығым оянып, басқа студенттерден тапсырыстар алып жүрдім. Ауылға келгесін мемлкеттік қызметке орналастым. Дегенмен, аудан орталығынан жиһаз жасайтын шағын цех ашу ойыма орала берді. Қызметтен шығып, бірінші кезете жихаз сататын дүкен аштым. Әрине, басында біраз қиындықтар болғаны рас. Дайын жихазды әкеліп сату оңай екені белгілі. Сол жихаз жасайтын жерлерге барып жүріп, өзім жасауға бел будым. Ол үшін қажетті құрылғылар (станоктар) мен құрал-сайман керек еді. Арнайы құрылғы сатып алу үшін де біраз қаражат қолыңда болуы шарт. Содан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грант алуға бел будым. Әйтеуір екі жыл дегенде гранқа қолым жетті-ау, - деп жымияды іскер азамат.

IMG-20220330-WA0036

Расында Ерболдың өзі салған цехта жихазды кесіп, пішіп, өлшейтін, әрлейтін арнайы құрлығылар орын тепкен. Әрбірінің өз атқаратын міндеті әртүрлі. Мұндай жиһаз жасайтын цех ауданда жоқ деуге болады. Енді міне Ерболдай шебер жасап жатқан кеңсе мен үйге қажетті үстел, шкаф, балаларға арналған кроватьтарға сұраныс жоғары. Жиһаз жасауға қажетті материалдар облыс орталығынан тасымалданады. Бағасы да облыспен бірдей екенін алға тартты жиһаз жасаушы.

- Қандай да бір жиһазға тапсырыс алған соң, оған қажетті құралдарды дайындаймыз. Яғни, қала орталығынан ЛДСП, МДФ сияқты ағаш материалын, оның тұтқасы, топсасы, шегелері сияқты ұсақ-түйектердің бәрін дүкен аралап жүріп, сапасына қарай  таңдап аламыз. Бізге көбінесе жекелеген тұрғындар тапсырыс береді. Сұраныстарын қанағаттандыруға тырысып жатырмыз. Кепілдік береміз. Тапсырыс берушінің үйіне арнайы барып, алдын-ала қай жерге, қай бөлмеге болашақ жихаз орналасатынын өлшеп аламыз. Ауылда бәрі таныс болғандықтан  қай уақытта болмасын жасаған жиһаздарымыздың ақауы шыққан жерлері болса, барып жөндеп беремін. Сапасы жақсы, бағасы қолжетімді болған соң ауыл тұрғынының көңілінен шықтым деп айта аламын. Аллаға шүкір, шағын болса да, көптеген ауыл тұрғындарынан түрлі үй жиһаздарына  тапсырыстар алып, олардың алғыстарын арқалап келеміз. Ең бастысы ауылдастарымның алғысын алсақ, одан асқан бақыт жоқ деп есептеймін, - дейді Ербол.

Бүгінде Ерболдың қолынан шыққан тамаша жиһаздарды ауылымыздың әрбір үйінен кездестіруге болады. Кәсібі алға басып, күннен-күнге заманауи жиһаздарға  сұраныстар көбейіп келеді екен. Тапсырыс алған жиһазды Ербол бір, екі аптада дайындап шығарады. Кәсіп иесі  болашақта аудан орталығынан жер алып, өз алдына жиһаздар дүкені мен жиһаз жасайтын цехын кеңейтуді көздейтінін тілге тиек етті.

IMG-20220330-WA0038

- Кәсібімді кеңейтсем деймін. Бірақ, бізде жихаз жасайтын шебер жоқтың қасы. Жұмыс сұрап келетін азаматтардың көбісі бұрын-соңды бұл іспен айналысып көрмегендер. Қазір қасымда ауылдың Бекжан есімді азаматы қызмет жасап жүр. Осы азаматқа барынша үйретудемін. Мен негізінен жихаздың эскизі мен сызуларын өзім сызамын. Цехта заманауи құрлығылармен жұмыс жасай білетін мамандар қажет. Тағы да бір айта кететіні, бұрын қолданыста болған ескі жихаздарды да қайтадан жөндейміз. Алдағы уақытта бұрыннан қалған ескі шкаф, шифонер, комод секілді жихаздарды жаңғыртуды (реконструкция) қолға алмақпыз. Мақсатымыз – ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен жасап, тез арада қажетті  жиһаздарға қол жеткізіп және өз талғамдарымен алуға мүмкіндіктер болса, нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, әрі отандық өнімге қолдау көрсеткен болар едік, - деп, өз ойын жеткізді Ербол Аяпов.

IMG-20220330-WA0040

«Талаптыға нұр жауар» деген. Кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп отырған мемлекеттік бағдарламалар бүгінде ауылдық жерде тұратын, қолында қаражаты жоқ, бірақ белгілі бір кәсіппен айналысып, дамытамын деген адамдар үшін таптырмайтын мүмкіндік. Тек талаптансаң болғаны.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале