Жуырда аудандық мәдениет үйінде Жаңақала ауданының қайта құрылғанына 50 жыл толуына орай «Жаңақала - туған өлкем мақтанышым» атты мерекелік іс-шара өтті. «Жыл дегенің - жылғадан аққан су» дегендей, жиырмасыншы ғасырдың басында ресми атау алып, содан бергі мерзімде уақыттың самалын да, жамалын да, қайғы-қасіретін де өзегінен өткізген, ата тарих төрінен лайықты орын алған, бір кездері Қамыс-Самар қисымы деп даңқты перзенттерімен дүниені дүбірлеткен, бұл күндері Жаңақала өңірі деп дүйім елге танымал болған ауданымыздың қайта құрылғанына да жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Алғаш боп құттықтау сөз алған аудан әкімі Дархан Закарин ауданның тарихына қысқаша тоқталып, баяндама оқыды.
- Бүгінгі күн, яғни 28 наурыз аудан тарихындағы айтулы күндердің бірі. Жаңақала ауданының қайта құрылуына орай 1972 жылдың 28 наурызы күні ХХІХ аудандық партия конференциясы өткен болатын. Биыл ауданымыздың қайта құрылғанына 50 жыл толған болса, дәл бүгінгі күні қайта құрылған ауданымызды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту жолдары сараланған ХХІХ аудандық партия конференциясының өткеніне де 50 жыл толып отыр. Баршаңыз да осынау мерейлі күнді атап өтуге арналған бүгінгі салтанатты жиынымызға қош келдіңіздер! Ауданымыздың қайта құрылғанындағы алғашқы басшысы Сатқали Сапарұлы бар болғаны төрт-ақ жылғы қызметтік кезеңінде қыруар істердің бастамашысы болғанын жаңақалалықтар жақсы біледі. Ең алдымен Сатқали Сапарұлы ауданның ұзақ жылдарға арналған даму жоспарын жасауға басшылық еткен. Қайбір жылы марқұм Төлеген Тастайұлы ауданның бас жоспарына өзгеріс енгізгенде «Біз Әдекең екеуміз Сатқали Сапарұлы жасаған ауданның бас жоспарымен отыз жылдың үстінде жұмыс жасадық», - деп айтқанын ағаларымыздың аузынан естуші едік. Сол арқылы да Сатқали Сапарұлының кемеңгерлігін алысты болжай білетін даналығын білуге болады. Осы орайда ауданымыз үшін мерекелі күні кейінгі ұрпақ атынан ауданымыздың дамуына сүбелі үлес қосқан ағаларымызға және ақжаулықты аналарымызға алғыс айтқым келеді. Ел болашағы үшін төккен терлеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіз өскелең ұрпақтын жадында мәңгі сақталады. Сіздердің дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деді аудан басшысы Д.Әмірханұлы.
Игілікті істердің қасынан табылып, ауданымыздың дамуы мен қалыптасуына қосқан қомақты үлестері үшін Құмарғали Қайыржанов, Сидеғали Қойшығалиев, Есқақ Нұрмұқанов, Теміржан Сапарғазиев, Нәсіп Диярова, Ажар Байғабылова, Іңкәр Ысқақова есімді ата-әжелерімізге аудан әкімі Дархан Закарин алғысхат табыстап, шапан мен камзол кигізіп, құрмет көрсетті.
Мерекелік шара одан әрі концерттік бағдарлама ұласты.
Жанайдар Болатбекұлы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
«Ауданымыз қарыштап дамыды»
«Елу жылда ел жаңа» дейді халық даналығы. Ауданның қайта шаңырақ көтергеніне елу жыл толуына арналған салтанатты жиынға қатысушылардың айтар сөзі де, тоғысар ойы да осы болды. Айтса айтқандай арада өткен жарты ғасыр мерзім ішінде Жаңақала өңірі қарыштап дамыды. Аудан құрылғанда бар болғаны 2-3 көшесі бар ауыл үлкен шаһарға айналды. Өнері өркендеді, мәдениеті құлпырды.
Осы жиында осыдан нақ елу жыл бұрын аудандық ұйымдастыру конференциясына қатысып, алғашқы пленум, аудандық атқару комитеті мүшесі болғандарға сый-сыйапат жасалуы да есте қаларлықтай жағдай болды. Алда өңірдің жарты ғасырлық тойы келе жатыр. Сол күндерге ел-жұртымыз аман-есен жетсе деп тілеймін.
Закария Сисенғали,
еңбек ардагері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері