Қазақстан Құрылысшылары одағы ел билігінен халыққа арналған барлық ипотекалық өнімді сақтап, қоғамның әлсіз топтарына арналған жаңа бағдарламалар енгізуді сұрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Күннен күнге құрылыс материалдарының бағасы өсіп, шаршы метр құны қымбаттап барады. Қазақстан Премьер-Министрі 62 млн шаршы метр баспана салынатындығын мәлімдеді. Бұл 2015-2016 жылдардың көрсеткішімен бірдей. Қазақстандықтарды қолдау, жұмыссыздыққа жол бермеу үшін пайызы төмен ипотека керек», - деді аталған Қазақстан Құрылысшылары одақ төрағасы Талғат Ерғалиев елордада өткен жылдық есеп беру конференциясы аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Оның атап өтуінше, халық үшін барлық ипотекалық өнімдерді сақтау және ипотека бойынша қорытынды мөлшерлеме жылдық 5% шамасында болатындай шамада банк кредиттері бойынша мемлекеттік субсидиялауды қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар еліміздің барлық өңірлерінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін және автожолдар салуға салыстырмалы сомада 2022 жылға арналған мемлекеттік тапсырыс сомасын 1,2-1,5 трлн теңге деңгейінде екі есеге ұлғайту керек.
Сондай-ақ отандық құрылыс индустриясын қолдаудың жаңа нысандары қажет. Өйткені соңғы жылдары құрылыс материалдарына жыл сайын шамамен 2,6 млрд АҚШ доллары шығындалып, оның кем дегенде жартысы шетелге кетіп отырған.