Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес.
Бұл – жалпы халық болып атқаратын іс. Күрес тек жазаға тарту шаралары арқылы ғана емес, сыбайластыққа қарсы тұруды насихаттау арқылы да жүзеге асады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демей ме. Осы орайда, Сарыөмір ауылдық мәдениет үйінде сыбайлас жемқорлықтың зиянын түсіндіретін отырыс өтті.
"Жемқорлықсыз ел - гүлденген ел" дөңгелек үстел отырысына Шалқар ауылдық округі әкімі аппаратының мамандары, мәдениет үйі, кітапхана қызметкерлері және жастар жетекшісі қатысты.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңды пара берудің қоғам үшін қауіпті екені айтылған. Қаншалықты қатерге бой алдыратынымызды да нақтылап көрсеткен. Жалпы «сыбайлас жемқорлықтың» не екенін білмейтін адам жоқ. Оны түсіндіріп отырудың өзі артық болар. Дегенмен, оған тек пара алу, пара беру ғана кірмейді, қызметін асыра пайдалану да сыбайлас жемқорлықтың бір сатысы. Осы жөнінде мәдениет үйі директоры Болған Ахметова дайындаған баяндаманы тыңдаған қатысушылар өз ой-пікірлерін айтты. Жиын соңында айтылған түйін – жемқорлыққа жол беруге болмайды. Жемқорлық жасаған да, сол арқылы өз пайдасын шешуді көздеген адам да – қылмыскер.
Юлия Ақбергенова,
Теректі ауданы,
Сарыөмір ауылдық МҮ
мәдени ұйымдастырушысы