11.04.2022, 18:50
Оқылды: 77

Бөрлі ауданының әкімі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті

Су келді деп қуандық, бірақ..

Көктемде ылғал мол болса жазда жем-шөп көп болатынын бәрі біледі. Өзен-көлдің суы молайып, көтерілгенін тағатсыздана күтеміз. Бірақ кей жылдары табиғат тосын мінез көрсетіп, су тасқынға айналып, қызыл су сел болып, ел-жұртты әбігерге салатын кездері де жоқ емес. Биылғы көктем де сөйтіп бір қуантып, бір қорқытты. Табиғи апат салдарынан төтенше жағдай орын алған Бөрлі ауданында қазір жағдай тұрақты. Шыңғырлау өзенінен келер қауіп те сейілген. Дегенмен ауа райы күрт жылынуына байланысты Ақсай қаласының Қызылтал ауылы оңтүстік жағынан даладан үлкен көлемде еріген қар суы келіп, Қызылтал ауылының 12 үйіне су кіргені белгілі.
WhatsApp Image 2022-04-11 at 19.17.12

сууу

Жуырда, аудан әкімі Миржан Сатқанов баспаналарын су басқан тұрғындармен кездесті. Әр үйге көмек көрсетілетінін жеткізді. Аудан басшысымен бірге аудандық мәслихат хатшысы Қайрат Ермекбаев, депуттар Лесбай Елеусинов, Серік Дүйсенов және Ақсай қаласының әкімі Арсен Баяндыковтар болды. Баспана ішін аралап көрген басшылар арнайы құрылған комиссия шешім шығаратынын айтты.

Басынан бастасақ...

Қызыл су аудандық, облыстық маңызы бар жолдарды шәйіп, Ақсай қаласы маңындағы Қызылтал ауылы тұрғындарын қыспаққа алды. Абырой болғанда мал-жан аман. Табиғи апат орын алған күннен бастап, ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Қиындыққа тап болған отбасылардың бірі - Ақпановтар. Олар тосыннан тап берген қарғын суға дайын болмай шықты. Өйткені лап берген лай судың деңгейі санаулы минутта 30 см-ге дейін көтерілді. Әп-сәтте баспананың едені көтеріліп, қабырғалар сыз тартты. Тіпті жиһаздар мен тұрмыстық техниканы алып шығуға мүмкіндік болмапты. Ал келесі күні баспананың қабырғасы құлап түскен.
- Мен жұмыста едім. Үйде жолдасым болатын. Ол тек 15 минут бұрын сыртқа шығып келгенін айтты. Онда ештеғе байқалмаған. Кейін көршілер есік қағып, су кіріп жатқанын хабарлаған. Есіне түскені газ бен жарықты өшіру ғана болыпты. Ал техниканы алып шығуға шамасы да келмепті. Енді бәрі жарамсыз күйде. Тіпті үйіміздің өзі жарамсыз. Су кіргеннен кейін келесі күні үйдңғ қабырғасы құлап қалды. Өзіміз көпбалалы отбасымыз. Үш үлкеніміз оқу орындарында ақылы бөлімде оқиды. Ауламыздағы үйді асықпай, шама-шарқымызша салып жатырмыз. Бірақ әрі бітер емес әрі құрылыс материалдары да қымбаттап кетті. Сондықтан көмек күтеміз, - дейді Айзада Қабақбаева.
Баспанасы төмендеу жерде тұрғандықтан Айгүл Қанатованың үйіне сырттан келген қар суы екі күн бойы емін-еркін кірген. Тек құжаттарын алуға ғана жағдайы болған тұрғын төтеншеліктердің көмегімен үйден шығып үлгергенін айтады. Қауіптің беті сейілген соң ғана үйіне келіп, қара судың астында қалған дүние-мүліктерін реттестіріп жатыр.
- 31 наурыз күні жұмыстан шығып үйге келгенмін. Кіре алмадым. Немерем болды қасымда. Оны сыртқа тастап кеттім де, өзім тіземнен су кешіп ішке кірдім. Кірсем, үлкен жақтан су кетіп жатыр. Шарылдап, айналдырған 15 минуттың ішінде су полдың үстіне шықты. Бірден ініме хабарластым, інім төтенше жағдай қызметіне хабарласты, төсек көрпелерімді көтеріп кері шықтым.
Екінші күні түстен кейін үйіме тағы су кірді. Үйімнің жағдайы не болып жатыр екен деп қарауға келіп едім. Төтеншеліктер де артымнан келіп, құжаттарымды алуды айтты, ауладан шыға алмағасын балам екеумізді көтеріп алып шықты. Екі күн үйдің іші суда жатты. Жауапты мамандар, әкімдіктегілер келіп қарап жатыр. Өзіміздің еңбегімізбен тұрғызып алған үйіміз. Үкіметтен көмек сұраймын, - дейді қызылталдық Айгүл Қанатова.

Апатқа басты себеп - жол дұрыс салынбаған

Тосыннан тап берген қарғын судан, әсіресе ауылдағы Абдолла Жұмағалиев атындағы көше тұрғындары көп зардап шекті. Тұрғындар жылда өтіп жүрген қар суының биыл үйлерге кіруінің басты себебі ол - дұрыс салынбаған жолда деп отыр.
- Мынадай жағдай соңғы рет 2009-да болды. Жұрттың қораларындағы дүние-мүліктің бәрі кілкіп «Шанхайға» барды. Осы жердегі 5-6 үй суға кетті. Ол кезде ешқандай жол болған жоқ. Лекерлеп өмір сүрдік. Биыл жол салды деп қуанып едік, онымен тұрбаны дұрыс салмаған. Үлкендеу, кеңдеу тұрба салу керек еді. Кішкентай ғана тұрба салды. Ақыр соңында керемет жолды бұзды. Қатты су болғанда да суға кетпеген үйлерге биыл су барды, - дейді Гүлсім Мералиева.
- Биыл қардың суы көп болды. Қардың өзі көп. Сосын жол салғанда дұрыс салмаған. Су ағатын үлкендеу құбыр салмаған. Біз осы көшеде 22 жылдан бері тұрып жатырмыз. Мысалы осы Абдолла Жұмағалиев көшесінің бас жағы биік, кішкене жүрсеңіз ойыс бар. Ауылымызға үш бағытпен су келеді. Жолды саларда халықпен, жергілікті тұрғындармен ақылдасқан жоқ, - дейді қызылталдық Естай Ақбалиев.
Осылайша ауылдағы 30 шақты үйдің ауласына су келіп, 12 баспананы су алды. Су көлемі көбеюіне байланысты былтыр салған асфальт жолды жарып, судың жүруін тездетуге тура келді. Яғни мемлекет қаржысына салынған жолға нұқсан келтірілді.

460bdb29-d97d-4d25-be24-6815ef2028ae

Жалпы, іргесін су шайған баспаналардың қай-қайсысы да тұруға жарамды дейді мамандар. Дегенмен арнайы құрылған комиссия мүшелері келтірілген шығынды есептеуге кірісті.
- Тұрғындармен тілдестік. Барлық отбасыға көмек көрсетіледі. Бұл бағытта арнайы штаб мүшелері жұмыстанып жатыр. Одан басқа аудан азаматтары, кәсіпкерлер, фермерлер, депутаттар барынша көмек көрсетуге әзір. Материалдық жағынан, құрылыс материалдарымен болсын жәрдемдесеміз деп жатыр. Жалпы қазір ауданда жағдай тұрақты, - деді аудан әкімі Миржан Сатқанов.
Ауданда су тасқынының алдын алу, оның зардаптарымен күресу жұмыстары жалғасуда. Айта кетейік, қазіргі таңда аудан аумағындағы Шыңғырлау өзенінің су деңгейі 692 см-ге дейін төмендеген.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале