12.04.2022, 18:27
Оқылды: 78

Облыстық ІІІ «Ғұмар оқулары» – Жәнібекте  

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен облыстық ІІІ «Азаттықты аңсаған Ғұмар Қараш» шығармашылық байқауы өтті. Байқау «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының 5 жылдығы мен Жәнібек ауданының 100 жылдығы аясында, туған елдің төл перзенті, ұлы ойшыл Ғұмар Қараштың шығармашылығын насихаттап, өлеңдерін мәнерлеп оқыту арқылы жеткіншектердің туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға арналды.  

IMG-20220412-WA0143

Бірінші күні Жәнібек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мамандары қатысушыларды қарсы алып, Жәнібек ауылының тарихи және көрнекті жерлерімен таныстырып, аудандық өлкетану музейіне саяхаттады. Одан кейін «Жайлау» ат спорты кешенінде жылқы баптау мәдениетін тамашалап, атқа мініп серуендеді.

IMG-20220412-WA0146

Екінші шара Алаштың айбоз ұлы, ақын, ойшыл, журналист Ғұмар Қараштың аудан орталығындағы ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталды. Одан кейін аудандық мәдениет үйінің фойесінде ақынның шығармашылығынан сыр шертер «Ұлысын ұлықтаған Ғұмар елі» атты көлемді кітап көрмесі тамашаланды. Әрмен қарай байқауға жиылған қауым LED экраннан бейнеролик көріп, көріністі тамашалады.

IMG-20220412-WA0141

Сахнаға аудан әкімі Азамат Сафималиев көтеріліп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

- Баршаңызды ауданымызда ұйымдастырылған облыстық Ғұмар Қараш оқулары байқауының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығын зерттеу, өскелең ұрпаққа насихаттау бағытында облыс және ғұламаның кіндік қаны тамған жерінде ауыз толтырып айтарлықтай толымды істер атқарылуда. Солақай саясаттың кесірінен Ғұмар бабамыздың есімі 1990 жылдарға дейін тұмшаланып келгені баршаңызға мәлім. Егемендікке қол жеткізіп, өз алдына тәуелсіз елге айналғаннан бері елімізде Ғұмар есімі өз дәрежесінде ұлықталып келеді. Соның ішінде 1992 жылы Борсы ауылындағы білім ордасына Ғ.Қараш есімі берілді. 2000 жылы ұлы ғұламаның туғанына 125 жыл толуына орай «Ғұмар Қараш – ғұлама дарын» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Жәнібек ауылындағы басты көшелердің біріне есімі берілсе, 2006 жылы Жәнібек ауылындағы орталық алаңға біртуар азаматтың кеуде мүсіні орнатылды. 2018 жылы өңірімізге танымал тарихшылардың қатысуымен «Рухани жаңғыру: Алаш қозғалысы һәм Ғұмар Қараш ғибраты» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы оздырылды. Конференция барысында «Ұлысын ұлықтаған Ғұмар елі» атты өлеңдер жинағының тұсауы кесілді. Сондай-ақ Борсы ауылындағы мектепте ғұламаның кеуде мүсіні орнатылды. Онымен қоса, аудандық музей жанынан арнайы бұрыш ашылды. Байқауға бақтарын сынауға келген барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді аудан әкімі.

IMG-20220412-WA0140

Ғұмар Қараш оқуларына Орал қаласы, Казталов, Бәйтерек және Жәнібек аудандарының мектеп оқушылары қатысты.

IMG-20220412-WA0145

Шараның бірінші бөлімінде ақынның отызға жуық өлеңі жатқа мәнерлеп оқылса, екінші бөлімінде жас ақындардың Ғ.Қарашқа арнап шығарған жыр жолдарына кезек берілді. Екі бөлім бөлек-бөлек бағаланды.

IMG-20220412-WA0142

Сайыста 25 оқушы бақ сынады. Әділқазылар алқасының құрамында болған облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Светлана Ғаниева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова, аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Әсемгүл Қуанғалиева, №1 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әдемі Ахметова, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Самал Ахметқалиевалардың шешімімен «Ау, Алаш, көзіңді бүгін ашар күнің! Қарманып ілгері аяқ басар күнің!»  атты бірінші бөлімі бойынша бас жүлдені Айлана Әлжаппар (Орал қаласы, №30 орта мектеп) алса, І, ІІ, ІІІ орындарды сәйкесінше Дильназ Ерғали (Бәйтерек ауданы), Ермұқан Ерболат (Тегісшіл негізгі мектебі), Жансая Есболат (Казталов ауданы) иеленді. Сонымен қатар Нұрлы Сабырғали (Ғ.Қараш атындағы орта мектеп) белсене қатысқаны үшін алғысхатпен марапатталды.

IMG-20220412-WA0144

«Қазақтың биігісің асыл бабам!» атты екінші бөлімі бойынша бас жүлдені Дәурен Сәдиев (Тегісшіл негізгі мектебі) иеленсе, І, ІІ, ІІІ орындар тиісінше Жансая Әбдірамановаға (Бәйтерек ауданы), Дастан Ерсайға (Ө.Сахипов атындағы орта мектеп), Нұрәлі Хайболлаға (Казталов ауданы) берілді. Ару Артурова (Орал қаласы) алғысхатқа ие болды. Жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы  

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале