13.04.2022, 16:30
Оқылды: 54

Қауіптің беті қайтты

Батыс Қазақстан облысымен шектесетін Ресейдің Орынбор облысы Ташлин ауданының Пустобаев ауылындағы су қоймасының бөгеті бұзылды. Су қоймасындағы су мөлшері шамамен 8 млн текше метрді құрайды. Ал шайылған бөгеттің ені 7-8 метр шамасында. Бөгеттен тасыған су Бәйтерек ауданындағы Январцев ауылдық округіндегі Чинарев ауылын басу қаупін тудырды. Осы жағдайға байланысты сәрсенбіде БҚО төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ернұр Өтегенов оқиға орнынан онлайн баспасөз мәслихатын өткізді.

23

– Сәуірдің 12-сі күні 16 сағат 40 минутта РФ Орынбор облысы бойынша ТЖМ бас басқармасының дағдарыс жағдайында басқару басқармасы орталығынан (ДЖБО)   бөгеттің бұзылғаны туралы ақпарат түсті. Осы ақпаратты алысымен, біздің департаменттің мамандары қажетті құрал-жабдықпен Чинаревке жіберілді. Төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарына 120-дан астам адам, 37 техника, үш қайық, сегіз мотопомпа жұмылдырылды.  Бұл жұмысқа департамент қызметкерлерімен бірге өрт сөндіру, инженерлік қорғаныс, полиция қызметтері  тартылды. Кешкі сағат 10.00-ден кейін тасқын су Чинарев ауылының бөгетіне келіп тірелді. Су елді мекеннің солтүстік жағынан келіп, шығыс жағынан айнала қоршады.  Ауылдағы үйлерді су басқан жоқ. Жоғарыдан келген су Чинаревті кесіп өтетін Елтышевка өзеніне құйылған. Бұл өзен кеуіп қалған еді, негізі ол ағып барып, 15 шақырымдай жерден Жайық өзеніне қосылады. Чинаревте бір мектеп, медпункт, шекара бекеті, 82 үй бар.  Сонымен қатар  ауыл тұрғындарының  жеке иелігінде  207  ірі қара, 449  ұсақ мал, екі жылқы, 530 үй құсы өсірілуде. «Санжар» шаруа қожалығының 250 бас малы қауіпсіз жерге шығарылды. Ауылда 223 адам тіркелген, 150 адам тұрақты тұрады.

25

Түс мезгілінде ауылда 150 адам болған. Оның 32-сі эвакуацияланып, өзгелері өз көліктерімен жақын маңдағы елді мекендердегі тума-туыстарына кетті. Эвакуацияланған 32 тұрғынның 20-сы (оның төртеуі бала) Январцев ауылындағы мәдениет үйіне  орналастырылды. Басқа 12 адам (оның 10-ы – қарт, екеуі бала) қауіпсіз жердегі төтеншеліктердің «Кунг» көлігін паналады. 13 сәуір күні түске таман қауіпсіз жерге көшірілген ауыл жұрты үйлеріне қайта бастады.

24

– Орынбор облысы бойынша РФ ТЖМ дағдарыс жағдайында басқару басқармасы орталығымен   бөгетті шаю фактісі бойынша жедел ақпарат алмасу үшін өзара іс-қимыл ұйымдастырылды. Аталмыш орталықтың хабарлауынша, ағыстың екпіні төмендеген. Қазіргі кезде ресейлік жергілікті әкімшілік бөгетті қалпына келтіру жұмыстарын бастады. Ал Чинарев ауылының ішіндегі ұзындығы 50 метр бөгет бекітілді.

22

Қазіргі уақытта үш бақылау бекеті орнатылды. Жұмыстар үш учаскеде жүргізілуде, 235 метр жерге топырақ салынған 1285 қап қаланып, 40 метр жерге топырақ үйілді. Тасқынға тосқауыл мақсатында 250 тонна инертті материал пайдаланылды. Ауыл ішінде өзен арнасымен судың ағуы бақылауға алынып,  облыстық полиция департаменті қызметкерлері  қоғамдық тәртіпті қадағалауда. Елді мекенді аралау барысында ауылдың жанындағы өзен суы деңгейінің 6 см-ге төмендегені анықталды. Су деңгейінің көтерілуі 1 метрге жеткен еді,  – деді Е. Өтегенов.

Гүлбаршын  Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале