15.04.2022, 9:05
Оқылды: 46

Шабдаржаптың төсі дүбірге толды

Өткен сенбіде Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық округі Шабдаржап  ауылында  дүбірлі спорт шарасы өтті. «Қанды тай», «Жабы жарыс», «Құнан жарыс»  және  аударыспақтан өткен аудандық турнирді  тамашалаушылардың қарасы қалың болды. Алтыбақан құрылып, көркемөнерпаздар шабандоздар мен жанкүйерлерге ерекше көңіл күй сыйлады.

A01E65B9-F99C-4502-927F-16DF70F3A176

Аудандық «Жігер» спорт клубы мен ауыл тұрғындары бірігіп ұйымдастырған шараның ашылу салтанатына аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Руслан Биманов пен Тайпақ ауылдық округі әкімі Болат Шаленов қатысып, бәйгеге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Даланы дүбірге толтырып, бәйгесүйер ағайынның қанын қыздырған жарыстың қорытындысында  тай жарысында  III орын чапаевтық  Әнуарбек  Елушаевтың,  II орын будариндік Асхат Қамешовтың тұлпарларына бұйырса, I орынды Тасқаладан қатысқан Асхат Кулаковтың тайы жеңіп алды. Үш шақырымдық бәйге – «Қанды тайға» қатысқандардан III  орынды тасқалалық Ершат Омарғалиевтің тайы, II  орынды  Бударин ауылынан Асхат Қамешовтың тайы иеленсе, мәре сызығын бірінші болып Жалпақталдан келген Әміржан Ерболдың сәйгүлігі кесті. Алты шақырымдық құнан бәйгеде III орынды  шабдаржаптық Мерей Хамидуллиннің  арғымағы, II орынды чапаевтық Нұрқанат Әміровтың, I орынды тағыда будариндік Асхат Қамешовтың құнаны алды. Он екі шақырымдық  топ бәйгеде өзгелерден қара үзіп келген оралдық Қуанышбек Ғабдиловтың қылқұйрығы дара озды.

Аударыспаққа келетін болсақ, 70 және 80 келі салмақ дәрежесінде жүлделі орындарды Ақжайық ауданының спортшылары өзара бөлісті. Барлық жүлдегерлерге ауылдық кәсіпкерлер және «Жігер» спорт клубының демеушілігімен ақшалай сыйлықтар, дипломдар тапсырылды.

Әсет Орынғали.

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале