Шыңғырлау ауданы бойынша 8 округте ауыл әкімдерінің халықпен кездесу жиындары өтуде. Ауыл әкімдері бұл жолы жекенің малын күтімге қосу, әр учаске және әр округ бойынша мал бақташысын бекіту туралы халықпен ақылдаса отырып, мәселелерді шешуге тырысуда. Тұрғындар көкейіндегі бір мәселе – мал бағу бағасы. Сонымен қатар жұмысқа деген жауапкершілігі бар әрі төрт түлік малын алты ай бойы бағатын, дұрыс малшы болса дейді. Әрине, талаптары орынды. Мал бағуда кез келген адам емес, мал шаруашылық саласында тәжірибесі бар немесе мал бағудың қыр-сырын жетік білетін адам бекітілсе құба-құп.
Соңғы уақыттары күтімге қосылар мал бағасы жыл сайын өсіп отыр. Оның үстіне ұсақ малдың әр басына қомақты қаражат беріп отыратын болса, әр алты ай сайын бір бас малдың құны шығып отырмақ деп реніштерін білдіруде. Тағы бір түйткілді мәселе - мал шығын болғанда оны кімнен өндіріп алмақ? Сол үшін бақташы мен жеке тұлға мен екеуара келісімшарт қазіргі таңнан бастап жасалғаны дұрыс дейді халық.
Ауыл әкімдері кездескен жиындарда округтердің барлығында да жекенің малдарын жайылымға шығару кестесін талқылап, мал басына шаққанда мал бағу құны әр округ бойынша бекітілді. Көпшілік жиналған жиындарға ауыл шаруашылық мамандары да қатысып, өз пікірлерін айтып, сұрақтарға жауап берді.
А.Аңсар,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz