16.04.2022, 9:40
Оқылды: 62

Қоғамдық сананы қалыптастыру маңызды

Теректі аудандық әкімдігінің кіші мәжіліс залында мерзімді басылымдарға жазылу мәселесі, ІІ жартыжылдыққа ауданның қойған межесі секілді жайттар талқыға түскен жиын өтті. Жиынға Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев төрағалық етсе, шақырылған қонақтар қатарында «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Табылғали Сапаров болды. Дөңгелек үстел форматында өрбіген басқосуға ауданның құрметті азаматтары, журналистика саласының ардагерлері, бөлім және мекеме басшылары қатысты.

0C9B9C58-789A-4209-9400-F1D6A685594E

Аудан басшысы мерзімді басылымдарға жазылу науқанында І жартыжылдық аясында атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Өткен жартыжылдық бойынша теректіліктер 569 дана республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне, 287 дана «Казахстанская правда» газетіне, 698 дана облыстық «Орал өңірі» және 512 дана «Приуралье» басылымына, 2 247 дана аудандық «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» газетіне жазылған. Аудан әкімі осы бағыттағы жұмыстарды жолға қойып, жоспарланған үдеден шығу керектігін баса айтты.

Одан кейін жиын пікір алмасу бағытына өзгерді. Дөңгелек үстел басына жиналғандар газеттің қоғамдағы рөлі, басылымдарды қолдаудың маңызына кеңірек тоқталды.

E6CCD49B-ACC7-4084-AEFA-18B21F9E6D09

Ауданның құрметті азаматы Василий Савченко аудандық газет бетінде сын айтылып, одан шыққан нәтижелер көбірек көрініс тапса екен деген тілегін білдірді. Ардагер қос тілді газет жүйесі өзгермесе дейді. Теректі аудандық мәслихатының хатшысы Әлжан Нұрғалиев газет халықтың еңсесін көтеретін құрал болу керек деп есептейді. Аудандық газеттің ардагері, біраз жыл редактор болған Нұрзия Сисенбаева газет тарихына шегініс жасап, бүгінде аудандық бөлімдер мен округ әкімдерінен мақала үшін ақпарат алу қиындап кеткендігін жеткізді. Теректі ауылының әкімі Әсет Әубакіров аудандық газетке жазылу бағасы халық үшін тиімді екендігін тілге тиек етіп, газет бетінде қарапайым еңбек адамдарының да өмірі насихатталса деді. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хусаинова мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Венера Шин ұстаздар қауымы мен мәдениет саласы қызметкерлері әрдайым газетті қолдайды деп сендірді. Жанаргүл Жеңісқызы аудандық газет ұжымына «Ұстаздар беті» айдарын ашқандары үшін алғыс білдірді. Аудандағы аналар кеңесі және  «Бірлік» қоғамдық бірлестігі төрайымы Аягөз Айтқалиева «Теректі жаңалығы» бетіндегі өзекті мақалаларға тоқталды. Ардагер, Теректінің құрметті азаматы Мұсағали Төлегенов газет көтеруі тиіс масылдық, ұрпақ тәрбиесі, аудандық бөлімдердің белсенділігі секілді жайттарды сүзіп өтсе, Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы директоры Арман Сағидоллин мұғалімдер мәртебесі туралы Заңның олқы тұстарына тоқталды.

418140FF-34AA-49EA-A5A1-07683BBED3AB

Жиынды «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Табылғали Сапаров түйіндеді. Бас директор әлемдегі  бірқатар мемлекеттердің басындағы саяси ұстанымын саралап, басылымдарға жазылу, газет оқу – қоғамдық сананы қалыптастырады деді. Ал елдің қауіпсіздігі осы қоғамдық санаға тікелей байланысты.

Аудан басшысы Теректіге ат басын бұрған Табылғали Сатқалиұлына алғыс айтып, барша теректіліктерді республикалық, облыстық, аудандық газеттерді қолдауға шақырды.

Әділет Орынбасаров

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале