Оралдық тұрғындар бүгінгі сенбілік пен ағаш отырғызу акциясына белсенді қатысып, өз үлестерін қосты.
Таңғы сағат тоғыздан басталған ағаш отырғызу акциясына жанұясымен келгендер көп болды. Солардың бірі - ұлы Даниялмен келген қала тұрғыны Дәуренбек Сахым.
– Қала әкімдігінің бастамасымен осындай іс-шара болатынын естіп, ұлымды алып келдім. Бұл өте жақсы бастама деп білемін. Ұлым екеуміз екі аққайың ағашын ектік. Алдағы уақытта еккен ағаштарымызды күтіп, баптаймыз. Қаламыздағы барлық саябақтарды осылай көркейте берсек, шаһарымыз одан әрі жаңара түсетініне сенемін. Сондықтан қала тұрғындарына игі істен тартынып қалмаңыздар дегім келеді, - деді ол.
Қала тұрғыны Мирас Айтқалиев те аталмыш акцияға бастамашы бола білді. Олар өздері тұратын аумақтың тұрғындары болып бірігіп, И.Тайманов пен Ә.Молдағұлова көшесінің қиылысында орналасқан тынымбаққа 50 ағаш әкеп екті. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұранды ұстанған бұл азаматтар да ағаш отырғызудың келешек үшін пайдасы зор екенін алға тартады.
Сенбілікте отбасы мүшелері өздері отырғызған әр ағашқа есімдері жазылған тақтайшалар орнатты.
Айта кетейік, ағаш отырғызу акциясы алдағы аптада да жалғасын табады. Шаһарымыздың жасыл-желекке оранып, одан әрі гүлдене беруіне сіз де үлес қосуды ұмытпаңыз.
Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі