Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы басшылығының, Орал қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшы-қосшылары мен жалпы мұғалімдер қауымының назарына!
...1990 жылдың жадыраған жазы. ҚазМУ-дың журналистика факультетінің екінші курсын тәмамдап, Чапаев аудандық «Белес» газетінде практикада жүрген кезім. Редакция басшылығының тапсырмасына қоса, кейде өз ынта-ықыласыммен де үлкенді-кішілі материалдар жазып қоямын. Жазғандарымның қай-қайсысы да газет бетіне жарияланып, кәдеге жарап жатыр. Студент-журналистке бұдан артық не керек?! Сондай күндердің бірінде сол кездегі Чапаев аудандық білім бөлімінің басшысы Құлбарақов Замир ағайдан сұхбат алғаным бар. Бұл енді редакцияның тапсырмасы ма, жоқ, әлде өзімнің бастамам ба, ол жағы тап қазір жадымда жоқ. Бір анығы, сол жылдардың өзінде ел ішінде мұғалімнің беделі төмендеп бара жатқандығы жөнінде ара-тұра сөз болып қалатын. Сұхбат барысында Замир ағайдан осы мәселенің мән-жайын сұрағаным бар. Менің үшбу сауалыма педагогикалық жолын қатардағы мұғалімдіктен бастап, қызмет бабында біраз белеске көтерілген ардагер ұстаз былай жауап берген еді: «Біздің балалық шағымызда, жас кезімізде, тіпті жасамыс уақытымызда ел-жұрттың, үлкен-кішінің мұғалімге құрметі ерекше-тін. Шын мәнінде, мұғалімдердің дені ол кезде халықтың әлгіндей жаппай құрметіне лайық еді. Алда-жалда әлдебір бала әке-шешесіне мұғалімі туралы шағым айтып қалса, ата-ана «Мұғалім шәкіртіне жамандық ойламайды, кәміл өзің бірдеңені бүлдіргенсің ғой...» деп әп дегеннен мұғалімді жақтайтын. Бұған қоса, біздер, яғни, жас мұғалімдердің өзі фольклорды, халықтың ғасырлар сүзгісінен өткен інжу-маржаны – ауыз әдебиетін жақсы білетінбіз. Сол себепті орайы келгенде, сәті түскенде шәкірттерімізге өзіміз оқып, зердемізге тоқыған аңыз-әңгіме, ертегі-қиссаларды айтып, тіпті, бастауыш кластың оқушыларына олардың ой ұшқырлығын дамыту үшін жұмбақтар жасырып, тілдерін жаттықтыру үшін жаңылтпаштар айтқызып, балаларды баурап алатынбыз. Бұл – халықтық педагогиканың басты арнасы, күретамыры. Бүгіндері мұғалімдердің жас толқыны осы арнадан – асыл мұрадан мақұрым қалып, біржола қол үзіп барады... Біз бала күнімізден бастап әлі күнге дейін кітапты, көркем әдебиетті көп оқимыз. Ал кітап оқу адамды пайым-парасатқа, кенен-кемелдікке жетелеп, адамның жан-жақты жетілген тұлға ретінде қалыптасуына тікелей ықпал етеді. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі жас мұғалімдер жаппай кітап оқиды деп, өз басым айта алмаймын...»
Бұл – педагогика саласының ардагерімен осыдан 32 жыл бұрын болған әңгіме. Содан бері жағдай рухани тұрғыдан жақсы жағына қарай өзгерді ме, әлде кері кетті ме? Мұның әділ төрелігін айту-
ды өздеріңізге қалдырғанды жөн санадық, қадірлі ұстаздар қауымы!
Мұғалімдер ең өзекті тақырыпқа жазылған мақаланы да оқымай ма?..
«Орал өңірі» газетінің 2017 жылғы 10 тамыз күнгі санында «Әр баланың суицидалды әрекетіне ересектер жауапты!» («Оө», №96. 10.08.2017) деген мақала жарық көрді. Ауторы – Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының әдіскері Гүлсая Төлешова. Профилактикалық мазмұнда жазылған жаңағы материалда жеткіншекті суицидке итермелейтін себептер, осындай жаман ойдың жетегінде жүрген баланың мінез-құлқы мен әдет-әрекеті жатық тілмен ұғынықты баяндалған. Менің ойымша, аталмыш материалдың атауының өзі-ақ педагогтер мен ата-аналардың бірден назарын аударуы тиіс. Алайда... Аталмыш материал газетке шыққаннан кейін үш аптадан соң кезекті баспасөзге жазылу науқаны басталды да, облыстың оңтүстік бағыттағы бес ауданын бас редактор ретінде өзім аралап, оқырмандармен бірнеше кездесу өткіздім. Сапар барысында тек аудан орталықтарымен шектеліп қалмай, әр ауданнан бірді-екілі ауылға да ат басын бұрып отырдым. Өзім жүздесіп, пікірлескен аудиторияны негізінен ардагерлер мен мемқызметкерлер, мұғалімдер мен мәдениет саласының мамандары, жастар ұйымдарының өкілдері мен қарапайым тұрғындар құрады. Әсіресе мұғалімдермен әр жүздескен сайын «Осыдан бірер апта бұрын «Орал өңірі» газетінде «Әр баланың суицидалды әрекетіне ересектер жауапты!» деген профилактикалық мазмұндағы материал шықты, оқыдыңыздар ма?» деп сұраумен болдым. Өкінішке орай, үшбу мақаланы оқығандар жоқтың қасы болды. Менің санамда сол кезде «Егер мұғалімдер қауымының өзі әлгіндей мақаланы оқуға салғырттық танытатын болса, ел ішінде суицид жуық маңда сап тыйылмақ түгілі, сирей қоймайды-ау...» деген үрейлі ой бой көтерді. Сол қаупім расқа шықты. Тек өткен жылдың соңғы екі айында Қазақстан бойынша өз-өзіне қол жұмсаған бірнеше сұмдық оқиға тіркелді. Жаманатты өзімен кетсін дейтін халықпыз ғой, ол оқиғалардың әрқайсысын тәптіштеп, жадымызда жаңғыртудың қажеті бола қоймас. Ал әлгі материалды жариялай отырып, аталмыш мақалада көтерілген мәселені біз мұғалімдер мен ата-аналар қауымы бірігіп талқылар деп күткен едік...
Жамандықтың алдын алар мақала-материал аз емес
«Орал өңірінде» ел ішіндегі керітартпа әдеттер мен кесір-кесапат атаулының алдын алуды көздейтін дүниелер жиі жарық көреді. Бұл бағытта тым әріге бармай-ақ былтырғы жылдың соңы мен биылғы алғашқы үш-төрт айда жарық көрген кейбір дүниелерді тілге тиек, сөзге өзек етсек те жарап қалар. Мысалы, былтырғы қыркүйек, қазан айларында тілші Гүлсезім Бияшеваның «Бала ағзасында гельминтоздар неге көбейеді?» («Оө», №72. 07. 09. 2021), «Жас өмірді есірткі жалмамасын!» («Оө», №77. 24. 09. 2021) және «Электронды темекі - қауіпті әуестік» («Оө», №85. 22. 10. 2021) атты бірнеше проблемалық мақаласы жарық көрді. Сонымен қатар облыс прокуратурасы атынан шыққан «Қараусыз бала қылмыс нысанына айналады» («Оө», №83. 15. 10. 2021), Бөрлі ауданындағы әріптесіміз Сәнім Меңдібайдың ерте жүктіліктің себеп-салдарына үңілген «Қымбат-ау, қыздың ар-мұңы...» («Оө», №102. 21. 12. 2021), Казталов аудандық сотының судьясы Гүлжиһан Сағитованың «Мұғалім, мәртебеңе лайық бол!» («Оө», №6, 17. 01. 2022), «Балалар әдеби уызға жаруы тиіс» деген ортақ атаумен жарияланған жергілікті ақын-жазушылардың пікірлер топтамасы («Оө», №23. 26. 02. 2022), «Орал өңірі» газетінің тілшісі Нұртай Текебаевтың «Күйзеліс аймақтарында жат ағым көбейеді» («Оө», №32. 19. 03. 2022), «Орал өңірінің» тілшісі Гүлжамал Кенжеғалиеваның «Мұғалімнің бәрі бірдей төрге лайықты ма?» («О», №30. 15. 03. 2022), «Мектепте әлімжеттік әлі бар ма?» («Оө», №42. 12. 04. 2022) сықылды толғауы тоқсан тіршіліктің толғақты мәселелерін көтерген мақала-материалдар – ата-аналар мен мұғалімдер назарынан тыс қалмауы тиіс дүниелер еді. Біз мұндай қадау-қадау ой айтқан публицистикалық салмақ-сипаты зор мақала-материалдар ата-аналар жиналысы мен тәрбие сағаттарында жаппай талқылау мен пікір алмасу өзегіне айналса, газеттің қоғамдық сана мен жас ұрпақ тәрбиесіне игі әсері, ықпал-пәрмені күрт артары анық деп санаймыз. Ең бастысы, сіз бен біздің тәлім-тәрбие бағытындағы жұмысымыздың тиімділігі артар еді!
Тәрбиені түгелдей мұғалімге жүктеу ата-ананы опындырады
Асылы, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегенді бұрынғылар әбден көзі жеткеннен кейін айтқан. Ендеше, «Отан отбасынан басталады» дегендей, негізі, балаға берілер тәлім-тәрбие жанұядан басталуы шарт. Сөйте тұра қазіргі кезде «Менің тарапымнан баламның қарны тоқ, көйлегі көк болса болды, ал оны оқытуға қоса, тәрбиелеу де мектеп пен мұғалімнің міндеті» деп тайыз ойлайтын тоғышар көзқарастағы ата-аналар әсте аз емес. Ал шынтуайтында, ұл-қызы дұрыс адам болып қалыптасуы үшін әке-шеше перзентін тек киіндіріп, ішіндіріп қана қоймай, сөздің тура мағынасында бала жанының бағбаны болуы керек. Яғни ата-ана жақсы адам, еңбекқор жан болудың үлгі-өнегесін күнделікті тыныс-тіршілігімен ұрпағына өзі көрсетуге міндетті.
Тәрбие – адам тағдырын шешетін ұлы құбылыс. Ендеше, бұл ұлы істе мұғалім мен ата-ана мүдделес бола алса ғана, Абай хәкім армандаған толық адам, яғни, кемел тұлға тәрбиелеу жолындағы ұлы мұрат-мақсатқа қол жеткізуге болады.
Мектептің тыныс-тіршілігі мен бала тәрбиесіне жиі қалам тартатын әріптестерімнен бүгіндері аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын балалар аз еместігін жиі естимін. Осы келеңсіздікті ара-тұра өзім де байқап жүрмін. Бесіктен белі шықпаған, ауыздарынан ана сүті кеппеген бозөкпе жүгермектердің айтқан өте анайы сөздерін естігенде жаның түршігеді. Меніңше, бұл бала тәрбиесінде, ең алдымен ата-ана жіберген үлкен ағаттық. Бұған қоса соңғы жылдары әлі мектеп бітірмеген қыз балалардың арасында ерте жүктіліктің жиілеуі де әке-шеше тәрбиесінің жетімсіздігінің бір кермек «жемісі» екендігі шүбәсіз. Ал кейбір ауылдық мектептерге қоса, қаладағы базбір білім ошақтарының, тіпті республикалық деңгейдегі мақтаулы мектептің әйел мұғалімдерінің алдын ала арнайы уақыт белгілеп, бірінен соң бірінің үйіне жиналып ақша салып, карта ойнайтындарын және әлгіндей басқосу барысында арақ-шарап ішетіндерін бір жас мұғалімнен естігенде («Естіген құлақта жазық жоқ») аза бойым қаза болды. Осыдан кейін мұғалімнің бәрі төрге лайық деп айта аламыз ба?..
Түсінбестік қалыптаспауы үшін айта кетейін, менің қызметтік кабинетіме келіп, жаңағы келеңсіз жағдайларды алға тартқан жас маман өзі қызмет істейтін қалалық мектептің мысалында мәселе көтеріп, проблемалық мақала жазуды ұсынды. Әрине, мен оның ұсынысын қабыл алып, тәжірибелі тілші бекітуге келістім. Алайда мұндай жағдайда ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары» туралы заңға сәйкес негізгі дереккөз ретінде бізге оның аты-жөнін атауға тура келетінін ескерттім. Сосын ондай жағдайда редакция басшылығы құқық қорғау құрылымдары арқылы жас маманның қызметтен заңсыз шығарылмауына, қуғындауға ұшырамауына табанды қолдау көрсететінін баса айттым. Аз-кем ойланып отырып, ол бастапқы райынан бас тартты. Осылайша сыни сипаттағы бір проблемалық мақала жазылмай қалды...
Әрине, өз басым мұғалімнің бәрін бір түспен бояудан аулақпын. Ауылда да, қалада да тек мамандығы мұғалім емес, ең бастысы жан дүниесі ұстаз педагогтер баршылық. Сөйте тұра мұғалімнің бәрі жаңағындай жоғары талапқа лайық деп айту және қисынсыз...
P.S. Қасіретті қаңтар оқиғасы мен посткеңестік кеңістіктегі кейбір мемлекеттер арасындағы соғысқа ұласқан қарулы қақтығыстар өз еліміздің ішінде, әсіресе, жастар мен жасөспірімдер арасында идеологиялық және әскери-патриоттық тәлім-тәрбие жұмыстарын күрт жандандыруды талап етуде. Бұл бағыттағы жұмыстар қазақстандықтардың ұлт-ұлысына, дін-діліне, түр-тіліне және жас шамасына қарамастан жаппай ықпалды деңгейде жүргізілуі шарт. Сонда ғана біз отандастарымыздың бірлігін бекемдеп, берекесін еселеп, ынтымағын нығайтып, ырысын молайта аламыз. Ал сайып келгенде, бұл – ҚАЗАҚ елінің ұлы мәртебелі Тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін баянды етуге қалтқысыз қызмет ететін өте маңызды фактор. Міне, осындай асқақ арман, ұлы мұрат-мақсат жолында «Орал өңірі» газетінің шығармашылық ұжымы өзімізді ата-аналар және мұғалімдер қауымымен мүдделес санап, бірлесіп нақты да нәтижелі іс-әрекет жасауға әр кез дайын.
Бауыржан Файзоллаұлы,
zhaikpress.kz