19.04.2022, 16:30
Оқылды: 39

Жұмысты жандандыру қажет

Қаратөбе аудандық мәслихатының мәжіліс залында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің қатысуымен жиналыс өтті. Жиынға ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары мен аудан әкімі аппаратының қызметкерлері қатысты.


002

Жиынның күн тәртібінде аудан әкімінің I тоқсан бойынша жұмыс жоспарының орындалуы, ауыл тұрғындарының иелігіндегі мал бағымын ұйымдастыру және санитарлық-экологиялық айлықтың жариялануына орай ауыл тазалығын сақтау мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мербол Есендосов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Сахипов, аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Жанаргүл Жылқышиева және Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Беріқали Жақсылықұлы тоқсан бойынша атқарылған жұмыстары жөнінде өз есептерін баяндады.

001

Жиында аудан әкімі алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар әр ауылдық округ әкімдеріне тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, азаматтардың өтініштерін қарауға басымдық беру маңызды екендігін атап өтті.

Жиын қорытындысында аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы:

– Биылғы жылы ауданымызда төтенше жағдай орын алды. Күннің тез жылынуы салдарынан Қалдығайты өзені тасып, аудан орталығына су кіру қаупі төнді. Еріктілердің, мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындарының атсалысуымен қауіп-қатердің алдын алдық. Ауданымызда бірқатар түйткілді мәселелер бар. Баршамыз бірлесіп жұмыс атқарғанда ғана мәселелер еңсеріліп, оң нәтижесі болатындығы сөзсіз, - деді.

Аудан әкімі кейбір сала бойынша ақсап тұрған жұмыстарды сынға алып, алдағы уақытта қателіктер мен кемшіліктерді жоюуға нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ аталған тапсырмалардың орындалуы тікелей өз бақылауында болатындығын атап өтті.

Әмірбек Әлібекұлы,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале