20.04.2022, 10:45
Оқылды: 47

Шебер болар бала көп, үйретер орталық жоқ

Подстепный – Теректі ауданы орталығынан екі есе үлкен елді мекен. Он мыңнан асатын тұрғыны бар ауылдың жетістіктері бір бөлек, күрмеуі шешілмей тұрған өзекті мәселелері тағы бар. Солардың бірі – Подстепныйда шығармашылық орталық ашу.

IMG-20220420-WA0004

Аталмыш мәселе бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді. Күні бүгін Подстепныйда аудандық балалар шығармашылық үйінің қосымша білім беру педагогтері жұмыс жасайды. Олардың техникалық мүмкіндіктерін айтпағанда, бас қосар орындары жоқ.

Мысалы, балаларды кеме жасауға баулып жүрген Манас Аққожинды ауданда білмейтін жан кемде-кем. Оның шәкірттері республикалық додаларда топ жарып, облыс намысын қорғап жүр. Ауданға құрметті қонақ келсе Подстепный қазақ ЖОББМ -не қарай сүйрейміз. Себебі сол мектептің бір бұрышында Манас ағамыз балғындарды кеме жасау және мүсін өнеріне баулуда. Қолда бармен мүмкін емес дүние жасап, облыста кеме жасау бағыты бойынша Теректіні 2-орынға шығарған маманмен тілдесіп, жоғарда көтерген мәселе төңірегінде ой білдіруін өтінгенбіз.

- Жалпы, Подстепныйда шығармашылық орталық ашу, соның ішінде техникалық бағыттың аясын кеңейту мәселесін аудан әкімдерінің алдында талай көтердік. Облыстық және аудандық білім беру бөлімі де хабардар. Ойымызды бәрі құптайды. Алайда нақты іске келгенде кедергілер туындап тұр. Техникалық орталық қазіргі таңда тек Бөкей ордасы ауданында бар. Мереке Махимов есімді іскер азаматты ауданы қолдап, бүгінде Ордада материалдық-техникалық жағы жетілген орталық бар. Подстепныйда екі мектеп, бір гимназия және бір кәсіптік колледж бар. Оларда екі мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың бос уақыты қалай өтуде, қандай іске бейім келеді деген сауалдарға бас қатырмаймыз. Егер ауылда орталық ашылар болса кеме жасау, робототехника, авиа бағыттарға қарқын беріліп, база жаңарып, жас мамандарды жұмыспен қамтып, бастысы болашағымыз саналатын балаларымыздың ойлау дәрежесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік туар еді. Ауданның атқамінерлері ойымызды бірауыздан қолдағанымен, мәселе сиырқұйымшақтанып кетті. Қаражат бір жағынан, бұл іске ниет керек, саяси шешім керек секілді. Мысалы, техникалық үйірме кеңейсе сол үйірмеге келетін балалардың саны артады. Бала еңбектің қадірін түсінеді. Айталық, кеме жасау асқан шыдамдылықты қажет етеді. Кемені бірден құрастырып шығару мүмкін емес. Міне, осындайда бала алдына мақсат қояды. Сол мақсатына жетпей тыншымайды. Үлкен өмірде осы қасиеттер балаға көп көмегін тигізеді, - дейді Манас Аққожин.

Расымен, Манас ағамыз қозғаған техникалық бағыт тек аудан емес, еліміз үшін маңызды. ҚР Президенті Қ.Тоқаев өз сөзінде техникалық мамандықтарға басымдық беру керектігін айтқан еді. Осы бағытта 2025 жылға дейін елімізде беделді шетелдік университеттерінің филиалдарын ашуды тапсырды. Байқап тұрғандарыңыздай, техникалық бағытты жаны сүйетін бала бар, бірақ оларды теориялық һәм практикалық бағытта тәрбиелейтін орталық жоқ.

Подстепныйда әнге, өнерге де бейім, әртістік қабілеттерін шыңдағысы келетін  балалар бар. Бас қосар орынның болмағандығы себепті олар біресе мәдениет үйінде, біресе қос мектептің аядай сыныптарын жағалауға мәжбүр.

Енді сол орталықты ашуға не кедергі дерсіз? Оның басты кедергісі  -  ғимарат. Ауылдың нақ ортасында бұрынғы мәдениет үйінің ғимараты тұр. Жекенің иелігіне өткен ескі мәдениет үйі бүгінгі таңда сүйкімділігін жоғалтып, ауыл сәнін кетіріп тұр. Бірақ ғимараттың орналасқан жері жақсы. Орталық ашылса екен деп шауып жүрген тұрғындар осы ғимараттың орнына шығармашылық орталық бой көтерсе дейді. Алайда оның иесі әзірге өзіне ғана белгілі себептермен ғимаратты сатқысы келмейді екен.

Кезінде Подстепныйда спорт клубы жұмыс жасады. Осыдан біраз жыл бұрын спорт клубы жабылып, ғимарат босап қалды. Сол ғимарат та жекенің меншігінде болған екен. Қожайындары бірінен соң бірі ауысып, қазір сол ғимарат та бос тұр. Жағдайы жақсы. Абай атындағы гимназия жанында орналасқан ғимараттың есігі құлыптаулы бірақ.

Осы орайда тағы бір кедергі -  қаражат мәселесі туындайды. Алайда аудан әкімдігі жаңадан орталық салам десе орын бар, ғимарат сатып алам десе ғимарат бар. Енді Подстепный тұрғындарының өтінішін орындайтын ниет қана керек.

Аудан орталығындағы балалар шығармашылық үйіне келер болсақ, орталық орналасқан ғимарат 1968 жылғы. Әр кезде бұл ғимаратта аудандық газет редакциясы жұмыс жасаған, одан кейін Пионерлер үйі  болған. Балалар шығармашылық үйі директорының уақытша міндетін атқарушы Әсима Құтқожиевамен телефон арқылы тілдестік.

- Балалар шығармашылық үйі 1999 жылы ашылған. Біздер алты бағыт бойынша жұмыстанамыз. Аудан орталығынан бөлек, Ақжайық, Сарыөмір, Аңқаты, Абай, Юбилейный, Жаңа Өмір, Ақсуат, Жайық, Федоров пен Подстепный ауылындағы қос мектепте орталықтың үйірмелері жұмыс жасайды. Жүйелі жұмыстардың нәтижесі де жаман емес. Дегенмен жаңа ғимарат мәселесі тек Подстепный емес, аудан орталығында да көтерілді. Сметалық құжаттарды да дайындадық. Подстепный тұрғындарының базынасы орынды. Аудандық балалар шығармашылық үйінің бір филиалын Подстепныйда ашатын уақыт жеткен сыңайлы. Алайда жылдар бойы жазылған және айтылған осы мәселе әлі де шешімін табар емес,- дейді Әсима Абылайқызы.

Ауыл тұрғындары көтерген мәселені жауапты мамандар да құптайды. Мәселе бар, алайда оның шешімін табар жан жоқ. Жаңа әкім келсе бұл жайт та қылтиып шыға келеді. Үміт оянады. Тұрғындардың өтінішін аудандық газет көтеріп, ауданға келгеніне жүз күннен сәл асқан Теректі ауданы ауданы әкімі Тілек Александрұлына жолдайды. Бәлки, жылдармен бірге жұтылып, алайда талай ата-ана мен баланың арманына айналған орталық Балалар жылы аясында Подстепный төрінен ашылар. Уақыт төреші.

Әділет Әлібекұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале