Биыл қыста қар мол түсіп, көктемде жиі жауған жаңбырды жұрт жақсылыққа жоруда. Бұл саланың бейнетін тартып, зейнетін көріп жүрген бөрлілік шаруалар ақ қардың басы қайта сала көктемгі егістік науқанға қызу дайындалып кетті. Техниканы майлап, соқа-сайманын сайлап отырған диқандар алдағы 5-10 күннен соң жер жыртуға кіріседі. Ырыздығын жерден тапқан фермерлерге үкімет тарапынан бөлінген 700 тонна арзандатылған жанар-жағармай да зор қолдау болмақ. Бастысы, табиғат ана тосын мінезін танытпаса балғаны.
Рас, қара күзде қамбаға астық мол құйылуына бөрлілік шаруалар да білек сыбана кірісіп кетті. Биыл шаруалар 59,82 мың га егістік алқапқа егін егеді. Ол былтырғымен салыстырғанда 5,82 мың гектарға артық. Дала жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникасы да сақадай сай. Нарықтағы сұранысқа байланысты биыл өңірде дәнді дақылдар және азықтық дәнді дақылдардың көлемі артып отыр. Сала мамандарының сөзінше, биыл жерге себілетін жаздық дәнді дақылдар егу, яғни жаздық бидайды – 5,0 мың га, арпаны – 4,5 мың га, тарыны – 0,2 га, сұлыны – 0,3 га себу жоспарланған шаруа. Ал майлы дақылдар - 11,0 мың га, оның ішінде күнбағыс – 3,0 мың га, мақсары – 8,0 мың га. Өткен жылы фермерлер осы майлы дақылдардың мол өнім бергенін айтқан еді. Тіпті тәжірибе ретінде зығыр дақылын сепкен шаруалар да табылды.
Бөрлі ауданында көкөністің картоп түрі жеткіліксіз мөлшерде өндіріледі. Сондықтан ауданнан тыс жерден кіргізіледі. Осыған орай аудан әкімі былтыр қысқа мерзімді бағдарлама бекітіп, округ әкімдері тұрғындармен түсіндіру жұмыстары арқылы несиелеу жұмысын жүргізген еді. Ол – қоғамдық бақша салу, көкөніс өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарын құру. Бұл бастаманы жергілікті фермерлер де қолдап, бақша салып, картоп өсіремін деген жандарға көмек қолын созатындығын әлеуметтік желіде жариялаған еді. Фермерлер тарапынан көмек - жерді трактормен жыртып беру. Әрине, тегін түрде көрсетілетін көмекті тұрғындар пайдаланып, игілікке жаратса болғаны. Ал ауыл шаруашылығы бөлімінің жоспарына сай биыл, картоп және көкөніс-бақша дақылдарының – 0,22 га алқапқа егу жоспарлануда, оның ішінде картоп – 0,10 га, көкөніс дақылдары – 0,10 га, бақша дақылдары – 0,02 га егіледі.
Қыстың қамын жазда ойлаған халық, әсіресе мал азығына көп дайындалады. Жыл сайын мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер санының артуы азықтық дақылдардың артуына септігін тигізуде. Биылдың өзінде мал азықтық дақылдардың егісі - 4,2 мың га құрауы тиіс, оның ішінде біржылдық шөптер - 1,1 мың га, көпжылдық шөптер - 3,1 мың га. Өткен жылдардан қалған көпжылдық шөптердің алқабы - 33,50 мың га құрап отыр.
Бұл жоспарларды орындау үшін алқаптарға 1195 тонна дәнді дақылдар, 212 тонна майлы дақылдар, 53 тонна мал азықтық дақылдар және 300 тонна картоп тұқымы қажет болады. Көктемгі далалық жұмыстарға 587 трактор, 302 дәнсепкіш, 82 қопсытқыш қатысуы жоспарлануда.
- Біз науқанға толық дайынбыз. Қазір ылғал жабу жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы күндері жер жырту жұмыстарын бастаймыз. Тұқым қорымыз мол әрі сапалы. Барлық тектерістерден өтті. Бүгінгі таңда ауылшаруашылық дақылдарын егуге техникамыз дайын. Үкімет тарапынан 700 тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Көктемгі далалық жұмыстарын жүргізу мақсатына мемлекеттің «Кең дала» бағдарламасы арқылы 45 млн.теңге көлемінде 5 шаруашылық несие алған болатын. Олар: «Щербаков В.И.» ШҚ – 3 млн. 500 мың теңге, «Асар» ШҚ – 4 млн.теңге, «Урал» ЖШС – 20 млн.теңге; «Бума» ЖШС – 9 млн.500 мың теңге; «Исмаил» ШҚ – 8 млн. теңге алды, - дейді Бөрлі аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Алтынбек Бексеитов.
Жалпы, мемлекет қолдауына сүйеніп еңбек еткен адам табыс көзін таба алары сөзсіз. Тек оған ынталы болса болғаны. Асығы алшысынан түскен шаруалар шаруашылық ауқымын кеңейтіп, өндірілген өніммен қала тұрғындарын қамтуды көздеп отыр. Себебі табиғи өнімге сұраныс жыл санап артып келеді. Сондықтан да өсімдік шаруашылығын әртараптандыру, мал тұқымын асылдандыру, көкөніс шаруашылығын дамыту – ел экономикасын өркендетудің кепілі. Әр жанұя дәулетінің артуының кепілі. Сондықтан ұлан-ғайыр даламызда мыңғыртып мал, жайқалтып егін өсіріп, ел ырысын еселеп отырған бөрлілік шаруалардың биыл алар өнімі мол болғай.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz