20.04.2022, 19:00
Оқылды: 50

Сотта өткен брифинг

Бөкей ордасы аудандық сотында биылғы жылдың І тоқсанын таразыға салған брифинг өтті.

55BA771C-6984-4169-85AB-E0FD73800710

Аудан судьясы Олжас Миралиев:

̶   Азаматтық істер болсын, қылмыстық, әкімшілік істер болссын, өткен жылғы есептік мерзіммен салыстырғанда айтарлықтай азайған. Биылғы І тоқсанда 13 азаматтық іс тіркелсе, өткен жылғы алғашқы үш айда 27 азаматтық іс қаралған. Азаматтық істердің банк қарызы бойынша үш ісі кері қайтарылды. Яғни сотқа дейінгі реттеу іс-шаралары жүргізілуі керек еді. Негізінен, азаматтық істердің басым көпшілігін неке бұзу арыздары құрап отыр. Ажырасуға ниет танытқандардың сотқа келгенде бірден «ешқандай медиациялық келісімге келу, татуласу туралы айтпай-ақ қойыңыз, біз көптен бері бір шаңырақ астында тұрмаймыз. Екі жаққа кеткенімізді заңдастырып берсеңіз болды» деп үзілді-кесілді шешіммен келетіндері көбейіп отыр. Бұл нені көрсетеді? Бұл қоғамдағы отбасы құндылығының аяқасты болғанын, ерлі-зайыптыларды балалары алдындағы ата-аналық борышы ойландырмайтынын көрсетеді. Бұл дабыл қағарлық келеңсіз жайт. Үш айда алты неке бұзу арызы тіркелген. Бұл Бөкей ордасы сияқты қаймана қазақ ауылы үшін сорақы факті,  ̶  дейді.

Бас судья айтпақшы, қылмыстық іс саны айтарлықтай азайыпты. Тіпті үш есеге. Өткен жылы тоғыз қылмыстық іс тіркелсе, биылғы үш айда үш іс қаралған.

̶  Ол үш істің екеуін өзім қарадым. Бірі ұрлыққа қатысты болса, екіншісі сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу фактісі бойынша қозғалды. Мал ұрлығы бойынша жауапқа тартылған азаматқа көршілес Жәнібек ауданында да іс қозғалған. Біздің ауданда бұл жауапкер екі рет қозы ұрлаған. Істеген қылмысын мойындады. Бес жыл екі айға бас бостандығынан айырылды. Қарапайым адам «екі қозы үшін бес жыл арқалап кетті ме?» деп таң қалуы мүмкін. Бұған дейін де айыпкеріміз 28 рет істі болған екен. Былтыр 9 қылмыстық  іс қаралған еді. Оның көпшілігі киік мүйізіне қатысты қозғалып еді. Биыл бұл факті бойынша қылмыстық іс қараған жоқпыз. Бір мүйіз үшін екі миллион айыппұл төлеп, істі болған ауылдастарынан сабақ алып, қылмысқа бармаса, жақсы емес пе?! Бұған тек қуанамыз, ̶  дейді Олжас Қуандықұлы.

Судьяның айтуынша, биылғы үш айда 41 іс тіркеліп, 39 іс қаралыпты. Жеті іс бойынша айыппұл салынып, 18 іс бойынша  жауапкер қамаққа алынып, бір іс бойынша жауапкер аудан аумағынан депортацияланған. Екі іс біріктіріліп қаралған. Айыппұл ұсақ бұзақылыққа жол берген, мас күйінде қоғамдық орындарға барып, көпшіліктің мазасын алғандарға салынған екен. Бізді қызықтырғаны ̶  аудан аумағынан шығарылған факті болды.

̶  Аудан аумағында Кеңес Одағының құжатымен тіркеусіз жүрген ресейлік азаматшаға қатысты іс қаралып, көршілес мемлекеттегі балаларына жіберілді. Құжаты жасалып, құқықтық қолдау көрсетілді, ̶ дейді аудан судьясы.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале