Балалардың демалысы мен сауықтырылуын қамтып ұйымдастыру - мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Соңғы жылдары балаларды сауықтыру және демалыс саласындағы мемлекеттік саясат балаларды демалыс пен сауықтырудың ұйымдастырылған нысандарымен барынша қамтылатындай етіп құрылды.
Балалар мен жасөспірімдердің демалысы және оларды сауықтыру – балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуды, денсаулығын қорғау мен нығайтуды, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды, салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыруды, тамақтану режимі мен тіршілік әрекетін қолайлы қоршаған ортада санитариялық-гигиеналық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды орындай отырып, қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы.
Жазғы кезеңнің басталуымен жазғы демалысты ұйымдастыруда қиындықтар туындайды және бұл, ең алдымен, жазғы кезеңде балалар арасында жіті ішек инфекцияларының артуымен байланысты. Бұған қоршаған орта температурасының жоғарылауы, сұйықтықтарды, көкөністерді, жемістерді пайдалану, өнімдердің (сүт-ет, кілегей) тез бүлінуі ықпал етеді. Бұл факторлар, әсіресе балалардың санитариялық-гигиеналық нормалар мен ережелерді сақтауын қиындатады. Балалардың ерекшелігі - олардың жұқпалы ауруларға сезімталдығы. Осылайша, жіті ішек инфекцияларын жұқтыру мүмкіндігі артады, сондықтан балаларды жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралуынан қорғау өте маңызды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары жыл сайын балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша жоспарлы, сондай-ақ санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізеді. Батыс Қазақстан облысындағы қала сыртындағы 21 сауықтыру лагері санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылауында. 2021 жылы оның 14-і жұмыс жасап, 2086 бала сауықтырылды. Сондай-ақ мектеп жанында ұйымдастырылған 350 лагерьге 53370 бала қатысты. Коронавирустық инфекция бойынша қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға, сондай-ақ облыс бойынша көзделген шектеу іс-шараларына байланысты қала сыртындағы 7 лагерь жұмыс істемеді.
2021 жылы лагерьлердің жұмыс жасаған кезеңінде балалар мен персонал арасында коронавирустық инфекция және жаппай улану жағдайлары тіркелген жоқ.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті