Осыған байланысты Үкімет басшысы бірінші кезекте 94 мың тұрғыны бар 50 елді мекенді байланыстырып отырған «Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы» автожолының учаскесіне барды. Жол Қарашығанақ кен орнына дейін жетеді және Ресейге транзиттік дәліз болып отыр. Қазіргі уақытта күре жолдың жағдайы өте нашар, әрі-бері өткен Қазақстан мен басқа да елдердің ондаған мың азаматы жол азабын тартып отыр.
«Күре жолдардың жағдайы – Батыс Қазақстан облысындағы ең күрделі мәселелердің бірі. Биылғы жылы біз бұл жұмыстардың ауқымды бөлігін аяқтауымыз керек. Осыдан үш жыл бұрын басталған бұл жобалар қаржының жетіспеушілігінен бітпей қалды. Биыл жолдарды жөндеуге 15 млрд теңге көзделген, егер жұмыс қарқынын тездетуге техникалық жағдай мүмкіндік берсе, қосымша қаражат бөлуге болады. Бюджетті нақтылау кезінде біз «Подстепное – Федоровка –РФ шекарасы» автомобиль жолына арнайы 6 млрд теңге қарастырдық. Жолдарды жөндеу жұмыстарын 2002-2023 жылдары аяқтау қажет», – деді Әлихан Самйылов.
Үкімет басшысы облыс әкімдігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, бұл мәселені бақылауда ұстап, қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан кейін Премьер-Министр өсімдік майы мен күнжара өндіретін кәсіпорын «Пойма май комбинаты» ЖШС-ға барды.
Зауытта 135 адам жұмыс істейді, ал оның өнімі (жылына шамамен 50 мың тонна) тек БҚО-да және көршілес облыстарда ғана емес, сондай-ақ Түркіменстанда, Өзбекстанда, Ауғанстанда, Тәжікстанда және Ресейде сұранысқа ие.
2,8 млрд теңге мемлекеттік қолдау алған кәсіпорын «айналым схемасы» арқылы бағаны тұрақтандыру саясатын іске асыруға белсенді қатысуда, соның арқасында өсімдік майының бағасы айтарлықтай төмендеді.
«Өздеріңіз білетіндей, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Осыған байланысты нарықты отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен толықтыру бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Олардың ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары – бірінші кезекте. Нарықты күнбағыс майымен қамтамасыз ету үшін қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Осы мақсатта күнбағыс тұқымы мен күнбағыс майын шығаруға квота енгізілгені белгілі», – деді ҚР Премьер-Министрі.
Жұмыс сапарының келесі нысаны үш ауысыммен оқытуды жою шаралары аясында іске қосылған 300 оқушыға арналған №18 мектеп-бөбекжай-балабақша кешені болды.
Премьер-Министр «Білімді ұлт» ұлттық жобасында білім берудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар көзделгенін атап өтті. 2021 жылы 534 балабақша ашылды. 2022 жылы 138 мектептің құрылысына бюджеттен 104 млрд теңге бөлінді, оның ішінде БҚО-да алты мектепке 1,9 млрд теңге бөлінді. Одан бөлек, 2022 жылы республикада 1 000 мектеп, оның ішінде БҚО-да 63 мектеп жаңғыртылады.
«Сонымен қатар облыс балабақшаларында 11 мыңнан астам адам кезекте тұр, алты апатты және үш ауысыммен оқытатын үш мектеп бар. Қосымша білім бойынша мемлекеттік тапсырысқа қаражат бөлінген жоқ. Әкімдік бұл проблемаларды жедел шешуі керек. Жеке меншік балабақшалар көбірек ашылуы керек. Мемлекеттік тапсырыс бойынша қосымша білімге жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді қамтамасыз ету қажет», – деді Үкімет басшысы.
Одан кейін Әлихан Смайылов «Орал жылыжай кешені» ЖШС қызметімен танысты, оның жобалық қуаты жылына 3 мың тонна қияр мен қызанақты құрайды. Кәсіпорын «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ желісі бойынша 5 млрд теңге мемлекеттік қолдаудың арқасында іске қосылды, нәтижесінде өңірде жылыжай өнімдерін өндіру екі есеге артты.
«Көкөністермен қамтамасыз ету мәселесінде жылыжай кешендері маңызды рөл атқарады, сондықтан біз олардың санын арттыруға мүдделіміз. Бұл үшін жылыжай салуға және оны күтіп-ұстауға кететін шығындарды субсидиялауға айтарлықтай қаражат бөлінеді. Бұл жерде еліміздің батысындағы ірі кәсіпорындардың бірі Орал жылыжай комбинаты жұмысы маңызды екенін өткім келеді. Тек өз аймағымыздың ғана емес, сонымен қатар көрші аймақтардың нарығына шығу үшін де күш салу қажет. Бұл бағыттағы әлеует зор», – деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Осыған дейін Әлихан Смайыловтың Ресеймен транзиттік дәліз болып отырған жолдың жағдайымен танысқанын жазған болатынбыз.