22.04.2022, 19:25
Оқылды: 52

«Шыңғырлау барысы» турнирі өтті

Бүгін Шыңғырлау спорт клубының ұйымдастыруымен, «Дене шынықтыру-сауықтыру»  кешенінде қазақ күресінен «Қазақстан барысы» облыстық турнирінің «Шыңғырлау барысы» аудандық іріктеу кезеңі өтті.

IMG_2618

Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары А.Бисембаев, спорт ардагері Ә.Саматов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, қазақы салт-дәстүрмен ауыл ақсақалы О.Едресов палуандарға ақ батасын берсе, «Дән» мәдениет үйінің өнерпазы А.Қалиев әннен шашу шашты.

Боз кілем үстінде М.Жұмашев, Т.Тасқалиев, М.Темірболатов, Ш.Рахым, Н.Утенов, Б.Мұханбетқалиев, Т.Сатымов, С.Кардашев, Б.Жүмиев, А.Исламғалиев, Е.Жүсіпов, Ә.Кабулов, С.Базарбаев сынды палуандар күш сынасып, бақтарын сынады.

Салауатты өмір салтын ұстанумен қатар төл күресімізді насихаттау, жастардың патриоттық сезімін ояту мақсатында ұйымдастырылған турнирде шебер қимылдарымен көзге түскен ақшаттық Б.Мұханбетқалиев пен шыңғырлаулық Т.Сатымов «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен марапатталды.

Боз кілемде суырылып алға шыққан палуандар Е.Жүсіпов ІІІ орынға табан тіресе, А.Исламғалиев ІІ орынды қанжығасына байлады. Ал, бағы мен бабы келіскен Т.Тасқалиев І орынды жеңіп алып, «Шыңғырлау барысы» белбеуіне ие болды және Қазақстан-барысы облыстық турниріне жолдама алды.

Жеңімпаз палуандарға дипломдар, медальдар және қаржылай сыйлықтар табысталды.

Б.Баймағамбетова,

Шыңғырлау ауданы, 

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале