27.04.2022, 17:15
Оқылды: 124

Мал төлдеу бітсе науқаны, кеңге саламыз арқаны

Қара жердің арқасы сөгіліп, көк шыға бастағанда, малшылар қауымының иығына түсер салмақ та еселенеді. Бұл кезде шаруашылық құрылымдарының бар күш-жігері шығынсыз төл алуға жұмсалады.

15

Сырым аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Усағалиев пен аудандық ветеринарлық станса директорының міндетін атқарушы Армат Журалиевпен бірге мал төлдету науқанына орай Шолақаңқаты, Алғабас ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтарында  болып қайттық.

16

Алғашқы сапарымыз Шолақаңқаты ауылдық округінің Аңқаты елді мекеніндегі «Раушан» шаруа қожалығынан басталды. «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» дегенді жете ұғынған қожалық Шопан ата төлін асырап, атакәсіпті өрбіткен. Мұнда 500 аналық еділбай қойы бағылуда.  Жаңа төлдеген, аяқтарын қалт-құлт басқан қозылар жақынырақта, күнге қыздырынып жатыр. Момақан қошақандар сүп-сүйкімді. Ал алысырақта өсіңкіреп қалған төлдер енесімен жүгіріп жүр.

19

Шаруа қожалығының жетекшісі Берік Айтакашев әр жүз саулықтан 100 қозыдан аламыз деген жоспары барын, 300 қой қоздап тұрса, әлі 200 саулық төлдейтінін айтады.

Шолақаңқаты ауылдық округіне қарасты «Нұрдаулет» ШҚ егін мен мал шаруашылығын қатар қолға алып келеді. Мұнда 200 бас қазақтың ақбас сиыры бағылуда. Бүгінде сиырлар 50 пайыз бұзаулап тұр.

18

Алғабас ауылдық округінің «Ешекен» шаруа қожалығы  100 бас ірі қараның әулиекөл етті тұқымын асырап отыр. Асыл тұқымның бүгінде 80 пайызы бұзаулады. Бұл – әулиекөл тұқымының бірінші бұзаулауы. Асыл тұқымды ірі қара әулиекөл қазақтың ақбас сиыры, абердин-ангус және шароле тұқымдарын қолдану нәтижесінде Қостанайда шығарылған.

Қайрат Меңдіғалиев жетекшілік ететін «Правда» шаруа қожалығы 300 бас қойдан 100 пайыз төл алыпты. Жаңа туған он шақты қоңыр төл  қорада өруде. Аяғын нық басқан соң, өрістегі қойларға қосылады.

Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Усағалиев ауданның мал төлдету науқаны бойынша наурыз айындағы есеп туралы былай дейді:

– Сақман науқанына ауданның шаруа қожалықтары сақадай-сай дайындықпен келді. Алғабас ауылдық округінде 1018 сиыр болса, одан 631 бұзау алынды. 5110 саулық қойдың 3680-і қоздады. Аралтөбе ауылдық округінде 1684 сиырдың наурызға 926-сы төлдеп тұрса, 4219 аналық қойдан 2953 төл алынды. Бұлдыртыда 3170 аналық ірі қараның 1049-ы бұзауласа, 6812 қойдың 2505-і қоздады. Бұланда 1043 аналық сиырдан 321 Зеңгі баба төлі алынды. Ал, Шопан ата төлінің 2976-сынан 488 қозы алынды.Елтайдың 190 сиырының наурызда 72-сі төлдеді. 408 қойының 211-і туды. Аудан орталығы Жымпитыда 4034 аналық сиыр болса, 1850-ы туып тұр. Мұнда 7397 саулықтың 4880-ы төлдеді. Жосалы ауылдық округінің ірі қара аналықтарының саны  2381 болса, бұзауларының саны – 896. Қойлары – 4249 болса, алынған қозы – 1303. Жетікөлде 2853 сиырдан наурыз айында 896 бұзау, 8583 қойдан 2530 қозы алынды.Қособа ауылдық округінің 1833 сиырының бұзаулағаны – 548, 7564 қойының қоздағаны – 3420. Сарой ауылдық округінің 2543 аналық ірі қарасынан 1017, 6467 саулық қойдан 2586 наурыз төл алынды. Талдыбұлақтың төсіндегі ірі қара төлі 425, бұлар 1063 сиырдан алынып отыр. 1258 қойдан 754 төл алынды. Шолақаңқатыда 1986 аналық сиыр болса, наурызда төлдегені – 902. 3455 қойдың төл бергені – 1331,- дейді Руслан Қайратұлы.

17

Мал төлдету науқанының санитарлық талаптарын қадағалаған Сырым аудандық ветеринарлық станса директорының міндетін атқарушы Армат Журалиев:

– Шолақаңқаты, Алғабас ауылдық округтеріндегі мал жұқпалы ауру аусылға қарсы жылдың басында 100 пайыз егілді. Мұнда төл алу санитарлық талаптарға сай, шығынсыз жүріп жатыр. Ірі қара, ұсақ малдарды төлдету жөнінде шаруа қожалық басшылары мен жұмысшыларына түсінік жұмыстары жүргізілді. Мал төлдейтін орында қол жуғыш, зарарсыздандыру құралдары, халат, етік, қауіпсіздік қолғаптары, жұмысшының киім ауыстыратын арнайы бөлмесі болуы керек. Қораның ішінде дәрі-дәрмек қобдишасы болғаны ләзім. Жұқпалы аурудың алдын алуда, ең алдымен, тазалық сақталуы керек. Мал төлдеп болған соң, қан алу, зерттеу, екпе жұмыстары жалғасады. Қозыларға 3-4 айдан кейін егу жұмыстары жасалады. Қозы туылған кезде әлсіз болса, сақманшылар қарап, қажет жағдайда мал дәрігерін шақырады. Қазіргі ауа райы мал төлдеуіне қолайлы. «Раушан» шаруа қожалығы 300 қозыны бірдейлендіріп, тағы да 200 сырға алдырған,- дейді.

20

Армат Шалбайұлының айтуынша, шаруашылық құрылымдары аусылға қарсы екпені өз қаражаттарына сатып алып, оны ветстанса мамандары екті. Жұқпалы ауруға қарсы екпеге мемлекет қаржысына екінші жартыжылдыққа жоспарланып отыр.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале