Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында Жаңақала ауданы әкімі Дархан Закарин ауданның білім беру, әлеуметтік саласында қажырлы еңбек еткен ардагер Айтуған Ғайнеденұлы Шарафутдинмен мерейлі 70 жасқа толуына орай кездесті.
- Айтуған Ғайнеденұлы, келіп жеткен мерейлі 70 жасыңыз құтты болсын. Сізге барлық жақсылықты тілейміз. Жастан-жасқа тола беріңіз. Тәрбиелеп отырған ұл-қыздарыңыздың, немере-жиендеріңіздің қызығып көріп, солардың арасында үлкен бәйтерек болып, апамыз екеуіңіз аман-есен жүре беріңіздер. Ағамыздың атқарған істерін халық, кейінгі ұрпақ өзінің замандастары жақсы біледі. Білім беру және әлеуметтік салада елеулі қызмет атқарды. Зейнеткерлік жасқа шықса да қоғамнан қол үзіп кетпеді. Ортада сыйлы, белсенді болып жүрген азаматтарымыздың бірі, - деп аудан басшысы Д.Әмірханұлы алғысхат табыс етіп, иығына шапан жапты.
Сонымен қатар көп жылғы еңбегі, білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен жеткен жетістіктері үшін және 70 жас мерейтойына орай БҚО білім басқармасының басшысы А.Мыңбаеваның алғысхатын табыстады. Өз кезегінде айтылған жүрекжарды тілекке және өзіне көрсетілген құрметке разы болған мерейтой иесі аудан әкіміне алғысын айтты. Одан әрі қабылдауға арнайы келген А.Ғайнеденұлының дос-жаран, замандастары ізгі лебіздерін білдірді.
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz