3.05.2022, 16:45
Оқылды: 133

Судан шөбінің тұқымы себілді

Казталов ауданы – ауыл шаруашылығына маманданған аймақтың бірі. Биыл 10 гектар жерге картоп, 60 гектар алқапқа көкөніс, 35 га танапқа бақша егу жоспарланған. Сонымен қатар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұсынған дерегіне сәйкес, 1000 гектарға мал азықтық дақылдары, 100 гектарға дәнді дақылдар егістігін құру жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы дақылдары егістігі 1205 гектар жерді құрауға тиіс.

9

Ауыл шаруашылығы саласын дамытуда жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының үлесі зор. Дәл қазірдің өзінде бірқатар шаруа қожалығы көктемгі дала жұмысын тыңғылықты жүргізуде. Солардың бірі – «Бақтияр» шаруа қожалығының жетекшісі Ғабдолла Чекаев. Қожалықтың егістік алқабындағы жұмысымен танысу үшін аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпановпен бірге 22 сәуір күні Қарасу ауылдық округіне қарасты Жұлдыз ауылына сапар шектік. Ауа райы қолайсыз болса да, оңтүстікшығысты бетке алып, 79 шақырым жол жүріп, нөсерлеткен жаңбырға қарамастан діттеген жерімізге жеттік. Ғабдолла Чекаевпен жүздесіп, жұмысымен таныстық. Біз барған егістік алқабы 10 гектарды құрайды. Ал оған шаруа судан шөбін егіпті.

8

– 2021 жылы жерді жыртып бастадық. Оның да өз машақаты болды. Жер жыртуға арналған техниканың болмауы жұмысты біраз бәсеңдетті. Оның үстіне пневматикалық әмбебап сепкішті табу да қиынға соқты. «СПУ3» маркалы дәнді, дәнді-бұршақты, жармалы, талшықты дақылдарды себуге арналған әмбебап сепкіш таптық. Егістікке қажет техникаларды көрші ауылдардан жалға алдық. Кейін судан шөбінің тұқымын септік, - дейді Ғабдолла Чекаев.

Судан шөбі және оны өсіру технологиясы жөнінде Сергей Хариполлаұлы аз-кем ақпарат берді.

- Судан – жемдік дақыл. Негізінен сиыр, қой, жылқыны азықтандыруға арналған. Ол жасыл тыңайтқыш ретінде өсіріледі. Қоректік заттарға бай болғаны үшін бағалы. Жазда тиісті күтім жасаса, 2-3 метрге дейін көтеріледі. Мал азықтық ауыспалы егісте судан шөбін пайдалану жағдайына қарап әртүрлі мерзімде (маусымда, шілдеде) егуге болады. Жай қатарлы егіспен әр гектарға 15- 20 келі тұқым себіледі. Өте құрғақ аудандар мен арамшөбі көп жерлерде тұқымға арналған судан шөбінің қатар аралығын 45-50 см етіп, кең қатарлы әдіспен, әр гектарға 10-15 келі тұқым себу де жақсы нәтиже береді, – деді ол.

Биыл ауданымызда «Бақтияр» қожалығына бөлек, 700 гектар жерге «Мясная индустрия» ЖШС (Талдыапан ауылдық округі), 50 гектар алқапқа «Асхат» шаруа қожалығы (Ақпәтер ауылдық округі), 100 гектар жерге «Қамқор» шаруа қожалығы (Ақпәтер ауылдық округі), 20 гектарға «Қайрат» шаруа қожалығы (Бірік ауылдық округі) да аталған дақылды егуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек жоңышқа, құмай, еркекшөп егу жоспарда бар.

– Өзге де қожалықтардың жұмысына тоқталар болсақ, «ЕрҚожа» шаруа қожалығы 70 гектар жер жыртып қойды. Егер жерін алса, барлығы 156 гектар жерге, оның ішінде, 78 гектарына жоңышқа, 78 гектарына құмай егуді жоспарлап отырса, Бірік ауылдық округінен «Қайрат» шаруа қожалығы 40 гектар жердің 5 гектарына жоңышқа, 20 гектарына судан шөбін, 15 гектарына еркекшөп егуді ойластырған. Бұл жерде айта кететін мәселе, кей шаруа қожалығы иелері конкурстан жерін алуды күтіп отыр. Егер конкурстар уақтылы өткізіліп, жерін алса, жоспарды орындаймыз деп отыр. Бостандық ауылдық округінен «Екпін» шаруа қожалығы жетекшісі Нұрлан Нұғманов 15 гектар, «Досым» шаруашылығы жетекшісі Абзал Нұғманов 10 гектар, «Кемелбек» шаруа қожалығы жетекшісі Марат Баянғалиев 5 гектар және жеке кәсіпкер Өмірзақ Байшашақов 5 гектар жерді жоңышқа егу үшін жер алуды жоспарлап отырса, Казталов ауылдық округінен «Салауат» шаруашылығы жетекшісі Заңғар Салауатов 1 гектар жерге жоңышқа екті, – деді сала басшысы.

7

Егістік жұмысымен танысып, аудан орталығына қайтар жолда «Боранбаев» шаруа қожалығы жетекшісі, бөкейордалық Мырзабай Боранбаевпен жолықтық. Мырзабай Боранбаев – ауыл шаруашылығы саласын, соның ішінде мал азықтық дақылдарды өсіру технологиясын жетік меңгеріп, көпке үлгі көрсетіп жүрген азамат. Мырзабай ағамыз жайлы бұған дейін де газетімізде жазылған болатын. Бұл жолы да ағамыз мәрттік танытып, тәжірибесін бөлісті. Жол бойындағы үш жақты әңгімеден соң аудан орталығына бет алдық.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале