Жерлесіміз БҚО Мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт клубының спортшысы Ернар Туркаев қол күресінен Өзбекстан мемлекеті Самарқан қаласында өткен ХХ Азия чемпионатында 70 келі салмақта оң қолмен чемпион атанса, сол қолмен үшінші орынды иеленді.
Өткен жұмада Орал қаласының теміржол бекетінен спорт саласының мамандары мен спорт сүйер қауым жеңімпаз жерлесімізді қарсылап алды. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұхтар Таңатжанұлы спортшыларды жеңісімен құттықтап, жаңа жетістіктер мен спортпен шұғылдану жолында кәсіби табыс тіледі.
Туркаев Ернар Ертөстікұлы – 2004 жылдың 7 мамыр күні Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, Тасқала ауылында дуниеге келді. 2021 жылы Алматы қаласында өткен қол күресінен Қазақстан Республикасының және азия чемпионатының жеңімпазы атанып, қол күресінен есту қабілеті төмен спортшылар арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленді.
«Ернар қол күресімен бала кезінен айналысып келеді. Бұл спорт түріне кішкентайынан қызығып өсті. Екі ағасы да спортқа жақын болдық. Осындай үлкен дәрежеге жетуде ата-анамыздың, бапкерлердің тәрбиесі мен еңбегі зор. Ернар өзі бұл жарысқа тер төгіп дайындалды. Дайындығы ақталып бүгін міне Азия чемпионы атанып отыр», - дейді ағасы Алмаз Туркаев.
Айта кететін жәйт, жерлесіміз, азияның екі дүркін чемпионы Ернар Ертөстікұлы 2022 жылдың соңына қарай Түркия елінің Анталия қаласында өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды.
Болатбек Сапарғалиев,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz