11.05.2022, 10:15
Оқылды: 46

Мамандық бар Отанды қорғау деген!

Отандық білім беру жүйесінде кәсіби кадрларды даярлау бойынша басты міндеттер нақты айқындалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ұрпақ тәрбиелеуде, азаматтардың тез өзгеретін әлемде жоғары білім деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруда оқу орындарының маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

IMG-20220510-WA0032

Жыл сайын елдегі мектептерден 150 мыңға жуық оқушы 11-сыныпты бітіруде. Орта мектепте жасөспірімдердің көпшілігі мамандық таңдаудан қиналады. Жас жігіттің тағдыры осы таңдаудың дұрыстығына байланысты. Бұл – өзекті  мәселе. Өйткені мамандық саны үнемі өсіп келеді. Соған байланысты таңдау жасау да қиындай түсуде. Осы орайда әскери құрылымдар үшін офицерлерді даярлайтын Ұлттық ұлан академиясы ерекше көзге түседі. Академияның тарихы 1997 жылдың көктемінен бастау алады. Ол кезде ел Президенті Петропавл қаласында ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің жоғары әскери училищесін құру туралы шешім қабылдады. ҚР Үкіметінің қаулысымен 1997 жылы жүзеге асырылды.

25 жыл ішінде бұл оқу орны 4 мыңға жуық жас офицерді тәрбиелеп шығарды. Оның 270-і оқуды үздік бітірді, 49-ы «Әскери университетті үздік бітіргені үшін» төсбелгісімен марапатталды. Академияда әскери қызметтің түрлі бағыттары мен қамтамасыз ету түрлері бойынша жеті мамандық оқытылады. Қазіргі уақытта түлектер ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, ҚР ТЖМ, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бөлімдерінде және ҚР ІІМ мен ҰҚК арнайы мақсаттағы бөлімшелерінде қызмет етіп жүр. 2009 жылдан бастап академия әскери кадрларды даярлау бойынша халықаралық деңгейге шықты. Үкіметаралық шарттарға сәйкес Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген курсанттар да оқиды.

Жеке тұлғаны дамыту, жоғары адамгершілік және әскери-кәсіби қасиеттерді қалыптастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін оқу-материалдық және техникалық базаны жақсарту мақсатында жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Жоғары әскери білім алу үшін Ұлттық ұлан академиясын таңдай отырып, жастар өзін-өзі жан-жақты дамытуға жол ашады. Бұл оқу орнында Батыс Қазақстан облысынан 100-ден астам курсант білім алуда.

Академия 2022 оқу жылына курсанттарды қабылдауды жүзеге асырады. Оқуға түсуге ниет білдірушілер, азаматтық жастар қатарындағы адамдар тұрғылықты жері бойынша ҚР Ұлттық ұланының әскери бөлімдеріне өтініш береді. Оқу барысында курсанттар күніне үш мәрте тегін тамақпен, ақшалай үлеспен, формалық киім-кешекпен, қажетті оқулықтармен, әдебиеттермен, соның ішінде нормативтік құжаттарға сәйкес бірқатар басқа да жеңілдіктермен қамтамасыз етіледі.

Офицерлер корпусы – әрдайым қоғамның элитасы, қашанда өскелең ұрпаққа үлгі. Әскери іс жоғары деңгейдегі білімді талап етеді. Академияда берілетін тәлім-тәрбие, ақыл-ой және физикалық жүктемелер білікті маман болуға, қоғамнан орын табуға мүмкіндік береді. Себебі біздің оқу орнында үздік педагогтер, тәжірибелі командирлер, білімді мамандар қызмет атқарады. Менің таңдауым – әскери оқу. Сіз де солай жасаңыз, жас түлек!

 

Мерген Ғаниев,

ҚР Ұлттық ұлан академиясының 

курсанты, қатардағы жауынгер

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале