Жуырда Казталов ауданы орталығында өңірімізге белгілі марафоншы Баубек Ілиясовтың бастамасымен «Балалар жылына» орай балалар мен жасөспірімдер арасында «Көктемгі жүгіру - 2022» марафоны өтті. Жарысқа Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Марафонға Казталов, Қошанкөл, Ақпәтер, Қоныс ауылдары мен елді мекендерінен 60-қа жуық 8-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысты.
Марафоншылар 600 м, 800 м, 1500 м (қыздар), 3000 м (ұлдар) қашықтықтарды бағындырып, сынға түсті. Нәтижесінде ұлдар арасында 600 м қашықтықта жүгірген казталовтық Сержан Нұржан ІІІ орын, қошанкөлдік Нұртілеу Бөкебай ІІ орын, казталовтық Ерхан Талғат І орынға ие болды. Ал 800 м қашықтықта сынға түскен марафоншылар арасынан Сержан Нұржан үздік үштікті түйіндесе, қошанкөлдік Нұрдәулет Меңдіғұлов жүлделі ІІ орын, Даниял Ғилым жүлделі І орынды бағындырды. 3000 м қашықтықты бағындырған ақпәтерлік Әліби Гнедко ІІІ орын, қошанкөлдік Асар Жақсылық ІІ орын, казталовтық Мейрамбек Қуатов, Сержан Нұржан жүлделі І орынды қанжығасына байлады.
Қыздар арасында 600 және 800 м қашықтық бойынша Жеміс Бөкебай жүлделі І орынға ие болды. Ал 1500 м қашықтықта сынға түскен Қоныс ауылынан келген Айкөркем Ержанова жүлделі ІІ орын, қошанкөлдік Бибінұр Жұмағали жүлделі І орынға ие болды.
Бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдерді спортқа бейімдеу және 14 мамырда өтетін марафоннан облыстық чемпионатқа іріктеу мақсатында ұйымдастырылған жарысқа «Айбын» спорт клубы, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және спорт жанашыры Байболат Бердіғалиев қолдау көрсетті. Жарысқа қатысушылар дипломдар, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Бекарыс Әбіш,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz