Қауіпті дерттің кезінде барлық жиын-той, іс-шаралардың тоқтағаны белгілі. Сол кезде тұрғындарымыз жылына бір мәрте өтетін дала қызықтарынан да құр қалған болатын. Жер аяғы кеңіп, түрлі мәдени шараларға рұқсат берілген тұста ең алғаш боп Жаңақалада Жаңажол ауылдық округі дала қызықтарын өткізді.
1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне, 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне және Жеңістің 77 жылдығына орайластырылған дала қызықтары жоғары деңгейде өткенінің куәсі болдық. Жаңажол ауылдық округінің әкімі Айбек Ишанов жиналған ауылдастарына, тамашалауға келген қонақтарға қош келдің айтып, мерейлі мерекелерімен құттықтады. Аудан әкімі Дархан Закариннің алғысхатына шаруа қожалық иелері Асыланбек Досқалиев, Райбек Хайрбеков, Бауыржан Сәбиев, Берік Темірхановтар ие болды.
Әр жерде иісі танауды жарған кәуаптар, қызық көруге ентелеске балалар, кімнің жүйрігі бірінші келеді деп дегбірсіздене күткен көпшілік бәрі-бәрі дала қызықтарының сәнін арттырып тұрғандай әсер қалдырды.
Тай жарысы 3 шақырымды құрады. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей мәрені бірінші боп көршілес Көктерек ауылының тұлпары кесті. Ырысбек Егінбаев тақымдаған аттың басқаларынан бәсі биік болды. Пятимарлық Бекхан Қарабалин ІІ, жаңажолдық Бауыржан Қыдыров ІІІ орынға ие болды. Алты шақырымдық құнан жарысы да қызыққа әрі тартысқа толы болды. Ырысбек Егінбаев тағы да жеңімпаз атанды. Айбатыр Миразат ІІ орынға ие болса, үздік үштікті Мәди Кәрімов түйіндеді. Жеңімпаз жүлдегерлердің барлығы ақшалай сыйлыққа ие болды.
Аударыспақтан Бексұлтан Бақтығалиев қарсылас шақ келтірмей І орын алды. Ал Ерасыл Ахметов ІІ орынға, Аман Талапқалиев ІІІ орынға табан тіреді.
Қазақ күресінен Ерасыл Ахметов «Түйе палуан» атанып, қанжығасы майланды. Жаяу жүгіруден қыздар арасында Мәдина Төлеген оқ бойы озық келсе, ұлдардан Едіге Жүсіп желаяқ екендігін дәлелдеді. Көңілдеріне қуаныш сыйлаған жала қызықтарына жаңажолдықтар дән риза.
Ж.Жұмағұлов,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz