Күн айналып жүрге түсетіндей аптап ыстықта шабындықтарды өрттен сақтауға ерте қамданбаса болмайды. Ақжайық ауданына қарасты Есенсай ауылдық округінде де жыл сайын еріктілер жасағы құрылып, ауылдың азаматтары тілсіз жаумен күреске бір адамдай жұмылады.
Енді азаматтарға өрт қауіпсіздігі науқанында артылатын жүк біраз жеңілдейді. Себебі округке жуырда су жаңа өрт сөндіретін арнайы техника – «ЗИЛ» автокөлігі табысталды. Жаңа үлгідегі көлікте судың сыйымдылығы 2 тонна әрі қосалқы сорғысы төрт шлангпен жабдықталған.
– Жыл сайын ірілі-ұсақты өрт орын алып тұрады. Ауылдағы еріктілермен бірге өзіміз де тілсіз жаудың одан да үлкен зардап әкелмесі үшін күні-түні арпалысатын едік. Арнайы техниканың орны бөлек, әрине. Қуаныштымыз. Бәрі де ел игілігі үшін, – дейді ауылдық округ әкімі Ілияс Баймұратов.
Әсем Есбек,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz