20.05.2022, 18:00
Оқылды: 47

Игі істер жалғасын тапқан ауыл

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Данял Танзенов ауыл тұрғындарымен еркін бағытта кездесу өткізді. Жиынға аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева және бірқатар сала басшылары қатысты.

20

Ауылдық округ әкімі Д.Танзенов күн тәртібіндегі аталмыш ауылдық округ көлемінде атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталса, аудандық мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиева жалпыхалықтық референдум жайында түсінік жұмыстарын жасады.

Ағымдағы жыл басталғалы өзекті мәселелер саналатын байланыс мұнарасын орнатып, сапасын жақсарту, жарығы жоқ көшелерге арнайы электр сымдарын тартып, жарықшамдар орнату, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша жұмыстарды жалғастыру, қауіптілігі жоғары трансформаторларды қоршау секілді бірқатар жұмыстарды атқару жоспарға қойылған.

Ауыл әкімінің сөзіне сүйенсек, жай жоспар ғана емес, жұмыстардың жүзеге асырылуында ширақтық байқалады.

- Күн тәртібінен түспей тұрған жауыр болған байланыс мәселесі жайында облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасына жеткізіліп, облыс бойынша байланысы, интернеті жоқ ауылдар қатарына енгізілдік. Жарық мәселесі де бүгінде біртіндеп шешілуде. Қазіргі таңда жарықсыз тұрған бір көшеге 400 метрге жуық арнайы электр сымдары тартылып, 5 жарықшамдар орнатылып үлгерді, құжаттары жасақталып біткен бойда іске қосылмақ.

Білім беру саласы бойынша, былтырғы жылы 11 жылдық мектепті сақтап қалу мақсатында Ақжайық ауданының Өлеңті және Қарауылтөбе ауылдарынан мектеп жасында балалары бар көпбалалы отбасыларды көшіріп әкелсек, бүгінгі таңда шаңырақтары кеңейіп үлгерді.

21

Аталған отбасыларды жыл бойы бос тұрған үйлеріне паналатқан ауыл азаматтары Е.Абуғалиев, Н.Шайхуалиев секілді азаматтарды атап өтпеске болмас.

Одан бөлек, "Туған жер" жобасы аясында ауыл мектебінің 15 жылдық түлектері Ж.Байзуллинаға, 20 жылдық түлектер Ч.Мәулешовке баспана сыйлағалы отыр.  Ал 10 жылдық түлектер болса Ж. Байзуллинаның үйіне жаңа газ плитасын алып беруді жоспарлап отырғандығын айтқан болатын,-дейді ауыл әкімі Данял Жұпмағамбетұлы өз сөзінде.

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Асланбек Ахметоллаұлы қорытындылады. Кездесуден кейін басшылар халықты жеке мәселелері бойынша қабылдады.

 

Айжан Бауыржанқызы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале