27.05.2022, 9:30
Оқылды: 29

Қазақстандық ғалымдар маймыл шешегіне қарсы вакцина жасауға дайын

Маймыл шешегі деп аталатын жаңа вирус күллі әлемді алаңдатып отыр. Қауіпті вирустың алдын алу керектігін қазақстандық мамандар жете түсінеді. Олардың айтуынша, маймыл шешегіне қарсы отандық вакцина жасап шығуға жарты жылдай уақыт кетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

220527095401497e

Қазірдің өзінде әлемнің 14 елінде 200-ден астам адам осы вирусты жұқтырған. Бір аптаның ішінде науқастардың саны екі есе артып отыр.

Бұл қауіпті вирустың Қазақстанға келуі де ықтимал дейді мамандар.

– Иә, маймыл шешегінің Қазақстанға келу қаупі жоғары. Өйткені біздің туристер Сауд Арабиясына, Түркияға немесе Африка мен өзге де елдерге жиі барады. Сондықтан жаман айтпай жақсы жоқ. Қауіпті вирус келе қалған жағдайда біз тастүйін дайын болуымыз керек, - дейді биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі Лесбек Құтымбетов.

Қазақ биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми зерттеу инстутутының мамандары коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны ойлап тапқан.

Енді маймыл шешегі мәселесін ертерек қолға алуды көздеп отыр.

Өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша маймыл шешек вирусы мутацияға ұшырап, адамнан адамға жұғу қабілетіне ие болған.

Клиникалық көрінісі бойынша маймыл шешегі ерекше қауіпті табиғи шешекке өте ұқсас.

– Біздің институт шешек вирустарымен көп жылдардан бері айналысады. Сондықтан тәжірибе жеткілікті. Мәселен, сиыр шешек және маймыл шешек бір топ десек, олардың арасында иммундық антиген байланысы бар. Сондықтан бір вирус басқа вирусқа қарсы иммунитетті оңай жасай алады. Мысалы, сиыр вирусының шешек ауруына қарсы иммунитетті құрудағы белсенділігі өте жоғары, - деп атап өтті ғалым.

Мамандар маймыл шешегіне қарсы вакцинаны жарты жылдың ішінде жасап шығуға болады деп отыр.

– Егер сиыр вирусына негізделген вакцина болса, онда жеделдетілген түрде, ал ковид-19 кезіндегідей жұмыс істесек алты айда вакцинаны дайындап шығуға болады. Одан кейін клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтар бар. Яғни Денсаулық сақтау министрлігіне де байланысты болады. Мәселе олардың бізге қаншалықты қолдау көрсетуінде, - дейді ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі.

Дүниежүзілік пандемиядан кейін Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі айтарлықтай нығайып, эпидемиологтар мен дәрігерлер аса қауіпті инфекциялармен тиімді күресудің төте жолдарын тапты.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале